Қыздар қазақ тілінде видеоүндеу жасап, блогерді арандатушылық жасады деп айыптады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жүрген қырғызстандық студенттердің Кенесары хан туралы айтқан сөздері екі елдің әлеуметтік желілерінде үлкен дауға ұласқан еді. Студенттер Аруке мен Эдина қазақ тілінде видеоүндеу жасап, кешірім сұрады.
– Интернетте тарап кеткен сөздеріміз үшін кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайды, – деді олар.
Блогерді айыптады
Студенттер өздерін блогер арандатқанын айтты. Олардың сөзінше, эфир кезінде блогер әдейі арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойып, соның салдарынан даулы сөздер айтылған.
Алайда қыздар мұның өздерін ақтамайтынын мойындады.
– Біздің мақсатымыз қазақ халқын қорлау болған жоқ. Айтқан сөздерімізге шын жүректен өкінеміз, – деді олар.
Студенттер Қазақстан және Қырғызстан азаматтарынан кешірім сұрап, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын айтты.
Не болды?
Еске салайық, дау Бішкектен Астанаға алмасу бағдарламасы бойынша келген студенттердің онлайн эфирінен үзінді әлеуметтік желіде тарағаннан кейін басталды. Эфир кезінде қыздар Қырғызстанда «Кенесары ханның бас сүйегінен шарап ішетіні» туралы айтқан.
Эфирге қатысқан басқа адамдар студенттердің сөзін бірден сынап, видеоны Қырғызстан елшілігіне жіберетінін айтқан. Қазақстандық және қырғызстандық желі қолданушылары да қыздардың сөзін айыптады.