Мұхтар Шахановтың әйгілі “Жігерлендіру” деген өлеңі бар. Кинотеатрларда жүріп жатқан “Қара алтын” бизнес-драмасы сол өлеңнің фильм формасы іспетті. Бұл – “Оян, қазақ!” арқылы көпшілікке танылып, ел ықыласына бөленген режиссер-сценарист Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілданың жаңа туындысы.
“Қара алтын” 1990-жылдары Қазақстандағы тұңғыш жекеменшік мұнай компаниясын ашып, Абай мен Шәкәрім мұрасын насихаттаған кәсіпкер, меценат Медғат Құлжановтың (фильмде Қасым Исағалиев) өмір жолын драмаландыруға талпыныс. Ауқымдырақ алғанда, туынды бас кейіпкер Қасымның (Қуандық Қыстықбаев) кәсіпкерлік жолы ғана емес, табыстың оңай келмейтіні мен қиындыққа мойымаудың маңызы, тәуелсіз Қазақстандағы жүйелік түйткілдер, сондай-ақ “мал мен мансаптан” биік азаматтық мұрат жайлы. Мұрат Есжан мұнда 1990-2000-жылдардың оқиғасы мен 1950-жылдардағы Қасымның балалық шақ көріністерін қатар өрбітеді. Яғни, совет дәуіріндегі отаршыл саясат, соның ішінде Шәкәрім мұрасын қудалау, сонымен бірге әр шенеунік өзін заң санаған тәуелсіз Қазақстандағы ірі кәсіп құрудың қиындығы, әлділерден келетін қоқан лоққы мен Рахат Әлиевке ұқсайтын рэкет кейіпкер Құмардың (Марат Әміраев) қуғыны, яғни қос дәуірдегі озбырлық штрихтары бар. Әсіресе іскер басшылар емес, бюрократтар қаумалаған жүйедегі қағазбастылық, шешімді бір адамның ғана ырқына итеру әдеті “Мақта қыз” ертегісі мысалында ұтымды жеткізіледі. Билік ұяшықтарына саңылау тауып еніп алған қара күш пен зорлық, жүйедегі қайшылықтардың ең отаншыл азамат үшін де туған ел шекарасын түрмедей сезіндіретін жетім сәттер де сенімді бейнеленген.
Фильмнің өзі оның сипаттамасынан әлдеқайда қызық. Бір қарағанда, “мотивациялық драма” деген анықтамасынан да протагонистің табыс жолында екенін айтсақ құпия аша қоймаспыз. Ендеше неге қалай да дегеніне жетеді-ау деп болжап отырған кейіпкердің әр қадамы алынбас қамал көрінеді? Неге жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні өмірдің кермек дәміндей көңілді нілдей бұзады? Бұл алдымен сценарийдің “сноуболл”, яғни бірте-бірте тәуекел мен шиеленісті күшейту әдісімен жазылуынан. Оқиға әр көрініс сайын қарқын алып, шарықтау шегіне жақындаған сайын жеделдейді. Енді шарықтау шегіне жетіп, еркін тыныстай бергенде күтпеген жаңа кедергілер туады. Солайша, сценарий көрермен назарын шеңгелінен бір сәтке де босатпауға тырысады: себебі әр көріністің мақсаты, тартысы мен тәуекелі, яғни үш тиісті тірегі бар. Әр келесі көрініс алдыңғысын шиеленістіре, ал кейіпкерді тығырыққа тірей түседі. Көріністен көрініске тәуекелді арттыра беретін осы «сноуболл әсерімен» көрерменін алаңдата білу, фильмнің шешуші сәттерінде жүйке шымырлату, әрине, сторителлингтің шеберлігі.
Асылхан Мелдебековтің операторлық жұмысы осы қисынның жалғасы іспетті. Көп кадрларда кейіпкер я әрекет бірден толық көрсетілмей, біртіндеп ашылады, сол арқылы жұмбақ сақталады. Мысалы, Қасымның “ғайыптан тайып” табылған “оралман” аудармашысын таныстыратын сахна құпия сақтап, бізге алдымен тесік аяқ киім, былғанған балақ пен жуылған жұмысшы қолдың ірі пландары арқылы көрсетіледі. Қасымның кабинетіне кіріп келгенде де камера оның жұмысшы келбетін бірден жалпы планмен алмай, қараушының назарына сай аяғынан бастап, біртіндеп таныстырады. “Ертең маңызды келіссөз болады, дұрыстау туфли мен костюм киіп кел” деп тапсырылғаннан кейін, оның ертесіне кіріп келетін сәтін алыңыз. Кешегі жыртық туфли орнына жылтыраған жаңа туфлидің ірі планын көреміз. “Түрленіп шыға келген болар” деп топшылаймыз. Бірақ камера аудармашыны әрі қарай көрсетуден бас тартады да, оған қарап тұрған Қасымға ауысады. Ол арқа жағында тұрған қос қызметкеріне бұрылып қарайды. Олардың жүзіндегі екіұдай реакциясын көреміз. Содан кейін ғана аудармашыға ораламыз. Жақсы туфлиден жоғары сол кезеңдегі қарапайым халықтың тәуір киімі abibas-ты киіпті. Халықаралық келіссөз кезінде неміс кәсіпкердің аудармашы киіміндегі abibas деген жазуға үңіліп қарайтын сәті дәуір шындығына сілтейтін диалогсыз комедия. Осы секілді, жағдайды, кейіпкерді біртіндеп таныстыру тәсілі фильмде жиі қолданылады. Яғни, камераның Хичкок фильмдерінің деңгейінде болмаса да, өз санасы, оқиға баяндау автономдығы бардай сезіледі. Визуал тұрғыдағы бір мін болса, ол бас кейіпкердің Лондондағы, локациядағы көріністерінің жетіспеуі: ірі пландарға басымдық беру мен асығыс монтаж фильмнің бейне қатарын кедейлендіріп тұр.
Мұны болмашы әттеген-ай десек, фильмдегі негізгі түйткіл кейіпкерлерде. Сценарий оқиға қуып жазылғандықтан, мұнда мінез ашу, адамды зерттеу тұрғысында ақсау бар. Ең алдымен, “Қара алтын” жалғыз кейіпкердің фильмі. Яғни, Қасымнан басқалардың бәрі эскиз күйінде қалған. Оның достарына да, жауларына да, жары мен қызметтегі серіктеріне де экран уақыты өте аз, оның өзінде диалог деңгейінде ғана бөлінеді. Сондықтан кастингтің сәттілігі зая деуге болады, яки Әділ Ахметов, Ернар Жұматаев, Інжу Әбеу, Марат Әміраев, Шыңғыс Капин, Гүлбаһрам Байбосынова, Бақытжан Әлпейісов, Мұрат Ахманов сияқты актерлердің ешқайсысына “қосалқы роль” деңгейіне жететін материал берілмеген. Бас кейіпкер Қасым роліне қатысты да шалағайлық жоқ емес.
Фильм прототипі – британ композиторы Карл Дженкинске Шәкәрім жайлы симфония жаздырған меценат Медғат Құлжановтың қоғамдық бейнесі жағымды-ақ. Бірақ оның өміріне қатысты оқиғалардың қаншасы ойдан шығарылды, қаншасы ақиқат – авторлар мен Құлжановтың өзіне ғана мәлім. Қайткенде де драматургиялық тұрғыда адалдық, табандылық, принципшілдік, рухани тереңдік, ақыл, қайсарлық сияқты асыл қасиеттерді бойына түгел жиған бас кейіпкердің жалғыз кемшілігі – кемшілігінің жоқтығы (қазақ киносында тұңғыш рет емес). Ол қиындықтан қорықпайды, жолсыздан жол табады, жиғанын бөліседі, жақсылықты ұмытпайды, қия баспайды, туғанының бәріне жақсылық жасайды, (тіпті) қазақша сөйлейді. Шәкәрім линиясы арқылы адамның “көп ақша табудан” басқа мұраты болу керектігі, және ол “халқыңа еңбек қылy” екені насихатталады. Бір сөзбен, бұл фильм совет киносының үлгілі азаматын Голливудтық динамикамен жеткізу талпынысындай әсер береді. Демек “Қара алтын” – кейіпкерді риясыз зерттеу, қайшылықты адамның психология-болмысын ашу емес. Фильмнің ішкі орайындағы “адамды насихаттау” мен “идеяны насихаттау” арасындағы тартыста алдыңғысы басым түскендей. Кедергі-қиындық, қуу мен қашу арасында бір кәсіпкердің мінсіз бейнесін сомдау үшін сценарист-режиссердің суреткерлік компромиске барғаны өкінішті. Сол себепті камераға жұғымды, көзі ойлы кәсіби актер болғанымен, Қуандық Қыстықбаев ет пен сүйектен жаралған адамды емес, “жастарға үлгі болатын” идеалды сомдауға мәжбүр.
Сол сияқты, бір кейіпкер айтпақшы, “алтын шыққан жерді белден қаз” деп, фильмнің өзі тапқан формалық әдістерді тым жиі пайдаланатыны байқалады. Фильмнің ортан белінен аса бергенде жоғарыда айтылған “сноуболл” сторителлинг пен операторлық стратегия О’Генридің әңгімелеріндегі сияқты өзін өзі қайталап, “тосындық эффектінің” орнын “жиілік иллюзиясы” басып, формалық тұрғыда жалықтыра бастайды.
Сол себепті “Қара алтынды” “мінсіз фильм” дегім келмейді. Бірақ әр адам өз назарына ие бола алмай, тілдей телефонға тәуелді болған жігерсіз дәуірде үлкен экраннан автономдыққа, табандылыққа үндейтін, “Өмірдің барлық сәтсіздіктері бақытсыздық емес, ендеше!” (М.Шаханов) деп, коррупция мен торығуды ғана емес, оны жеңе білудің үлгісін көрсететін туынды келгені қуантады. Армандау үшін Америкаға бару міндет еместігін, мақсат жолында кедергіге мойымайтын жанкештілерді Голливуд киносынан ғана іздемеу керектігін, байлықтың “сасық” болуы шарт еместігін көрсеткені үшін, жігерлендіріп, жетістікке жетелейтіні үшін бұл фильмді көпшілікке сөзсіз ұсынар едім. Әрі-беріден соң “Бишарашкиге” де теңге қиып жүрген жұртпыз ғой.
Ал келешекте авторлардан қазақ көрерменін сенгіш, аңғал санап, солай болып қала берсін дейтін емес, көрерменін бұдан гөрі жоғары бағалайтын фильмдер күтеміз.
Әсия Бағдәулетқызы