АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерде ілгерілеу болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Дональд Трамп Мәскеу мен Киев бір-бірінің энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасауды тоқтатуға келіскенін айтты. Оның пікірінше, әлемдік нарықтағы дизель отыны бағасының күрт өсуіне Иран төңірегіндегі шиеленіс емес, Ресей мен Украина арасындағы жалғасып жатқан соғыс себеп болып отыр.
Дәйексөз
– Украина Ресейдің энергетикалық нысандарына шабуыл жасамауға келісті. Ресей де дәл солай істеуге келісті! Әлемдік нарықтағы дизель отыны бағасының өсуіне негізінен Ресей мен Украина арасындағы соғыс себеп болып отыр, Иран емес, – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Контекст
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский америкалық өкілдермен энергетика нысандарына қатысты мәселені талқылағанын растаған еді. Алайда Кремль қандай да бір келісімге қол жеткізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков елдер арасында бұл мәселе бойынша нақты келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Мәскеу Украина тарапының ұсыныстарын маңызды саладағы уақытша бітімге қол жеткізу әрекеті ретінде ғана қабылдайды.