Семейге жақын Водный кентінде тоғызыншы сынып оқушылары арасындағы жанжал қайғылы жағдайға ұласа жаздады. 13 жастағы жасөспірім досы әрі сыныптасының шабуылынан шамамен 15 рет пышақ жарақатын алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жанжал сабақтан кейін болған
Оқиға 10 қыркүйекте сабақтан тыс уақытта болған. Жергілікті БАҚ мәліметінше, екі бала да №52 мектептің 9-сыныбында оқиды. Олар бірге күреспен айналысып, дос болған.
Сол күні сабақтан кейін жасөспірімдер жылқыларды күтуге барған. Алайда сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, олардың бірі пышақ суырған. Көптеген жарақат алып, қан көп кеткеніне қарамастан, жараланған оқушы әпкесінің үйіне дейін өз бетімен жүгіріп барып, көмек сұраған.
Екі жасөспірім де ауруханаға жеткізілді. Шабуыл жасаған бала жеңіл кесілген жарақат алған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілген.
Ал екінші жасөспірімге шұғыл ота жасау қажет болды. Дәрігерлердің айтуынша, баланың іш қуысына пышақ кіріп, оң жақ бүйрегі мен үлкен шарбысы зақымданған. Сондай-ақ бірінші дәрежелі геморрагиялық шок тіркелген.
Баланың денесі мен аяқ-қолдарынан бірнеше пышақ жарақаты анықталған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін төрт сағат бойы күрескен. Қазір зардап шеккен оқушының жағдайы тұрақтанды. Ол жансақтау бөлімінен балалар хирургиясы бөліміне ауыстырылды.
Полиция тергеу жүргізіп жатыр
Мектеп әкімшілігі екі оқушыны да тәртіпті деп отыр. Оқу орны өкілдерінің айтуынша, жанжал мектептен тыс жерде аяқ астынан туындаған түсініспеушіліктен болған.
Абай облысының полиция департаменті Ulysmedia.kz-ке оқиғаны растады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
– Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке қою, сондай-ақ олардың заңды өкілдерін бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады, – деп хабарлады ведомство.
Полицияның мәліметінше, түпкілікті процессуалдық шешім тергеу нәтижесі бойынша қабылданады. Кәмелетке толмағандардың мүддесіне байланысты іс бойынша өзге мәліметтер жарияланбайды.