Оңтүстіккореялық Lotte компаниясы Қазақстандағы ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания қонақүйлер салуға, логистика мен тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға, сондай-ақ Alatau City жобаларына қатысуға ниетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Компанияның бұл жоспарлары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Lotte Group басқарма төрағасы Дон Бин Шиннің Оңтүстік Кореядағы кездесуінде талқыланды.
Lotte Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп келеді. Қазақстандықтарға жақсы таныс жобалардың бірі – «Рахат» кондитерлік фабрикасы. Корейлік топ компанияның бақылау пакетін 2013 жылы сатып алып, кейін ондағы үлесін арттырған.
Сонымен қатар Lotte қонақүй бизнесіне де кіріспек. Кездесу қорытындысы бойынша Hotel Lotte мен Sensata Invest Алматы мен Alatau City-де Lotte брендімен қонақүйлер салу жөніндегі меморандумдармен алмасты.
Алматыдағы бұл қонақүй Lotte брендімен салынатын алғашқы нысан болмақ.
Alatau City
Компанияның тағы бір бағыты – жаңа Alatau City қаласының дамуына қатысу.
Дон Бин Шин Lotte компаниясының қаланы дамытуға, соның ішінде Iconic Complex кешенін құруға қатысқысы келетінін айтты.
Бұдан бөлек, Lotte Global Logistics Қазақстан арқылы өңірлік және халықаралық нарықтарға шығу үшін көлік және логистикалық инфрақұрылымды кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатыр.