Астана 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы үшін матчты қабылдайды. Мұндай шешімді УЕФА Атқарушы комитеті Салоникиде өткен отырысында қабылдады. Ойын өтетін стадион ретінде «Астана Арена» бекітілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Дәстүр бойынша бұл трофей үшін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары таласады. Қарсылас командалардың есімі 2027/28 жылғы еурокубок маусымының қорытындысы бойынша анықталады.
Осылайша, Қазақстандағы жанкүйерлер алғаш рет Еуропаның екі басты клубтық турнирінің жеңімпаздары арасындағы жекпе-жекті өз көздерімен тамашалайды. Бұл – еліміз тарихында еуропалық клубтық турнирдің трофейі сарапқа салынатын алғашқы матч болмақ.
Бір жыл бұрын, 2027 жылы Суперкубок Амстердамдағы «Йохан Кройф Аренада» ойналады.
Стадион УЕФА талаптарына сай қайта жаңартылады
Матч алдында «Астана Аренада» қайта жаңғырту және инфрақұрылымды жоспарлы жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар стадионның УЕФА-ның ірі еуропалық финалдарды өткізуге қойылатын қатаң регламенттік талаптарына толық сәйкестігін қамтамасыз ету үшін қажет.
«Астана Арена» 2009 жылы ашылған. Стадион 30,2 мың көрерменге арналған және «Астана» клубы мен Қазақстан құрамасының үйдегі ойындарын қабылдайды.
Қазақстан футбол федерациясы УЕФА Атқарушы комитетінің бұл шешімін спорттық инфрақұрылымды дамыту және УЕФА-мен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмыстың нәтижесі деп бағалады. Федерация өкілдері матчты отандық спорт үшін тарихи оқиға деп атады.
Контекст
Бұған дейін Қазақстан УЕФА-ға мүше басқа елдермен бірге ФИФА турнирлеріне бойкот жариялауды қолдағаны хабарланған еді.
УЕФА-ға мүше 55 ұлттық қауымдастықтың барлығы ФИФА президенті Джанни Инфантино ұсынған жоспарға қарсы шыққан. Ол құны 20 миллиард доллар болатын, әлем чемпионатын басқаратын құрылым құрып, оның үлесінің бір бөлігін жеке инвесторларға сатуды көздеген.
Бұл ұсыныс күшінде тұрған жағдайда УЕФА құрамалары ФИФА турнирлеріне қатысудан бас тартты. Жоспарды КОНКАКАФ пен Азия футбол конфедерациясы да қабылдамады.