ҰҚК Bek Air компаниясының бұрынғы иесіне қатысты тергеу жүргізіп жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Алматыда аты дауға қалған әрі қазір жұмысын тоқтатқан Bek Air әуе компаниясына қатысты жаңа тергеу басталды. Бұл жолы тергеу назарына әуе тасымалдаушының іс жүзіндегі иесі Нұрлан Жұмасұлтанов ілікті. Ақпаратты Бас көлік прокуратурасы растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Іс Алматы әуежайының аумағында сақталған авиациялық қозғалтқыштардың жоғалуына қатысты қылмыстық істен туындаған.

Дереккөздердің хабарлауынша, тергеу барысында ұрланған агрегаттардың біреуі бұған дейін Bek Air ұшағына орнатылған болуы мүмкін деген болжам пайда болған.

Әуелі істі Көліктегі полиция департаменті тергеген. Кейін материалдар ҰҚК-ге берілген. Ресми емес ақпаратқа қарағанда, құқық қорғау органдары болған оқиғаға әуе компаниясының басшылығы немесе құрылтайшылары арасынан шыққан адамдардың қатысы болуы мүмкін деген тұжырымға келген.

Осыған байланысты Жұмасұлтанов жауап алуға шақырылуы мүмкін.

Бас көлік прокуратурасы Ulysmedia.kz редакциясының сауалына берген жауабында тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

— Істі ҰҚК орталық аппараты тергеп жатыр, қадағалауды Бас көлік прокуратурасы жүзеге асырады, — деп хабарлады ведомство.

Нұрлан Жұмасұлтанов кім?

Нұрлан Жұмасұлтанов — Қазақстан авиация саласындағы атышулы тұлғалардың бірі.

Ол кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИИДМ) авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеу басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Бір қызығы, мемлекеттік қызметке келгенге дейін Жұмасұлтанов Bek Air компаниясында жұмыс істеген. Ал ведомстводан кеткеннен кейін, атышулы даудың аясында ол қайтадан әуе тасымалдаушының құрылымына оралған.

Бұған дейін ИИДМ брифингтерде таратқан мәліметке сәйкес, Жұмасұлтанов Bek Air компаниясының жалғыз құрылтайшысы әрі акционері болған.

Контекст

Еске салайық, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы көтерілу кезінде биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып өтіп, Гүлдала ауылындағы тұрғын үйге соғылған.

Ұшақ бортында 98 адам болған. Оның 15-і қаза тапты, олардың қатарында ауруханада кейін көз жұмған адам да бар.

2025 жылғы қарашада сот қаза тапқан ұшқыштар Марат Муртабаев пен Мейіржан Молдақұловты ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігі («Адам өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу») бойынша кінәлі деп таныды. Алайда олар қайтыс болғандықтан, жаза тағайындалған жоқ.

Бұған дейін Ulysmedia.kz Алматы сотының апелляциялық алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырып, экипажды толық ақтауды талап еткен адвокаттардың шағымын қанағаттандырмағанын хабарлаған.