Экс-депутат Базарбек қағып кеткен ер адам ауруханадан шықты

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Экс-депутат Бақытжан Базарбек қағып кеткен ер адам ауруханадан шықты. Нұржігіт Қошанов ауруханада 31 күн жатқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қағып кеткен 36 жастағы Нұржігіт Қошанов Тараздағы көпбейінді ауруханадан шығарылды. Ол ауруханада 31 күн болған. Оның 24 күні комада өтті.

8 қыркүйекте Қошанов есін жиып, анасын, әйелін, балаларын, аға-інілері мен әпке-сіңлілерін таныған. Оның ауруханадан шыққан сәтінің видеосын Бақытжан Базарбек Instagram-дағы парақшасында жариялады.

Жол апаты

Жол апаты 16 тамызда Жамбыл облысындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында болған. Оған дейін жолда малды көлік қағып кеткен, жануардың өлексесі жолда қалып қойған. Қошанов оны жолдан алып тастау үшін трассаға шыққан. Сол кезде оны Базарбек жүргізген Toyota көлігі қағып кеткен.

Зардап шеккен азамат ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген. Полиция қылмыстық іс қозғады. Базарбек медициналық тексеруден өткен, оның қанынан алкоголь анықталмаған.

Контекст

Бақытжан Базарбек – қазақстандық заңгер және саясаткер, VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты. Оның депутаттық өкілеті 2026 жылғы 1 шілдеде аяқталды.

Парламентке дейін жоғары оқу орындарында сабақ берген, компаниялардың заң бөлімдерінде жұмыс істеген және кәсіпкерлікпен айналысқан. Сондай-ақ Bazarbek & Partners заң фирмасын құрған. Оның негізгі жұмыс бағыттарының бірі жер құқығы болған.