Қазақстанның бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың ұлы Максим Божко Дүниежүзілік жұмыртқа ұйымының (World Egg Organisation, WEO) басқарма құрамына кірді. Оның өкілет мерзімі бес жылға созылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Максим Божко 2026 жылғы 7-10 қыркүйек аралығында Сингапурда өткен ұйымның жаһандық конференциясында World Egg Organisation басқарма мүшелігіне сайланды.
Қазақстандық WEO-ның басқару органына кірген елдегі алғашқы өкіл атанды. Конференцияда ол жұмыртқа өндірісі, құс шаруашылығы және жем өндірумен айналысатын «Шаңырақ» компаниялар тобының бас директоры әрі тең иесі ретінде Қазақстанның атынан қатысты.
Максим Божконың әкесі Владимир Божко — Қазақстанның бұрынғы төтенше жағдайлар министрі және Парламенттің экс-депутаты. Оның кейінгі мемлекеттік қызметтерінің бірі — Мәжіліс төрағасының орынбасары лауазымы.
Божконың тегі тағы немен танымал?
Владимир Божконың тегі бұған дейін де түрлі оқиғаларға байланысты БАҚ-та жиі аталған. Кейінгі даулы жағдай 2022 жылы болған.
Қазақстанның бұрынғы ТЖМ басшысы Facebook-тегі парақшасында Сергей Васильев есімді қолданушының «Қазақстандағы нацистер дайындалсын!» деген тақырыптағы жазбасын бөліскен. Онда Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновтың Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловпен кездесуі туралы ақпарат және Қазақстандағы украиналық ұйымдардың қызметіне қатысты болжамдар келтірілген.
Кейін бұл жазба Божконың парақшасынан өшірілді. Оның өзі жазбаны не себепті бөліскенін түсіндірмеді.
Бұл жайт Қазақстан қоғамының бір бөлігінің наразылығын туғызды. Сол кезде экс-депутат Мұрат Әбенов Божконың әрекетін ашық сынап, мұндай жарияланымдардың Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайға ықпалы болуы мүмкін екенін сұрады.