Көкшетау соты әкімшілігінің басшысы қайтыс болды. Оның артында әйелі мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Туыстары не дейді
Туыстарының айтуынша, кейінгі айларда ер адам жұмыста моральдық және психологиялық қысымға ұшыраған. Оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылғаны айтылды. Сонымен қатар қызметтік пәтерден шығару мәселесі де көтерілген.
Отбасы лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріп, осы оқиғалардың оның жағдайына әсер етуі мүмкін болған-болмағанын анықтауды сұрап отыр.
Полиция не дейді
Ақмола облысы полиция департаменті ер адамның қайтыс болғанын растады. Ведомство қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Контекст
Бұған дейін Қазақстанда суицидке дейін жеткізу туралы істердің сотқа өте сирек жететіні туралы жазған едік. 2024 жылы мұндай 17 іс қаралса, 2025 жылдың алғашқы бес айында небәрі үш іс қаралған.
Сонымен қатар елде жыл сайын суицидке байланысты 7,4-8,6 мың жағдай тіркеледі. Оның ішінде 3,4-4 мың адам қайтыс болады.
Егер сіз немесе жақындарыңыз қиын өмірлік жағдайға тап болса, Қазақстан бойынша тегін 150 сенім телефонына хабарласуға болады.