iPhone 18 Pro мен Pro Max сатылымға шықты: жаңа смартфондар қай елдерде қолжетімді?

Ulysmedia
Apple

Apple жаңа iPhone 18 Pro мен Pro Max флагман смартфондарын сатылымға шығарды. 18 қыркүйектен бастап құрылғылар әлемнің 65-тен аса елі мен өңіріндегі сатып алушыларға қолжетімді болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Сатылымның алғашқы кезеңіне АҚШ, Қытай, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Франция, Үндістан, Оңтүстік Корея, Австралия, Канада, Мексика, БАӘ, Түркия және Вьетнам секілді елдер енді.

Компания смартфондарға алдын ала тапсырыс қабылдауды 12 қыркүйекте бастаған. Енді жаңа құрылғыларды Apple дүкендерінен және ресми сатушылардан сатып алуға болады.

iPhone 18 Pro Max 256 ГБ, 512 ГБ, 1 ТБ және 2 ТБ жады нұсқаларымен ұсынылады. АҚШ-та бұл модельдің бағасы 1300 доллардан басталады. Ал iPhone 18 Pro одан 100 долларға арзан.

Екі модель де жаңа Apple A20 Pro процессорымен, жаңартылған камера жүйесімен және қуаты ұзағырақ жететін батареямен жабдықталған. Негізгі камераның ажыратымдылығы 48 Мп, сондай-ақ, диафрагманы реттеу мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа мүмкіндіктер

Apple компаниясы фирмалық Apple Intelligence жасанды интеллект жүйесінің мүмкіндіктерін де кеңейтті. Жаңа функциялар iPhone 18 Pro және Pro Max жаңартуларының негізгі бөлігінің біріне айналды.

Смартфондар бір мезетте ондаған нарықта сатылымға шықты. Тағы 20 ел мен өңірде сауда 25 қыркүйекте басталады.

Еске салайық, бұған дейін Apple OpenAI компаниясын және өзінің бұрынғы екі қызметкерін сотқа берген еді. Корпорацияның пайымынша, олар жасанды интеллектіге негізделген жаңа құрылғылар жасау кезінде Apple компаниясының құпия әзірлемелерін заңсыз пайдаланған.