«Өмірімнің бірнеше жылы зая кетті»: Әсел Теміроваға қастандық жасау ісі қайта тергеледі

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі сарапшы Әсел Теміроваға қарақшылық шабуыл жасауға оқталу және оның өміріне қастандық жасау дерегі бойынша соталды тергеу тоғыз жылдан аса уақыттан кейін қайта басталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бұл туралы Темірова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, жаздың аяғында ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш жолдаған. Ал адвокаты тергеуді қайта бастау туралы талаппен Бас прокуратураға бірнеше рет шағым түсірген.

- Достар, тоғыз жылдан аса уақыттан кейін ақыры нәтижеге қол жеткіздік! Маған қарақшылық шабуыл жасауға оқталу және өміріме қастандық жасау ісі бойынша соталды тергеу қайта басталды, — деп жазды ол.

Темірованың айтуынша, іс бойынша күдікке ілінгендердің бірі - бұған дейін мемлекеттік құрылым саналатын «Қонаев» ӘКК қауіпсіздік қызметін басқарған Мақсұт Ержанов.

Ол Алматыда өзіне қарсы қылмыстық істерді «қолдан жасаған» деп айыптаған тергеушіні де атады.

- Осы адамдардың кесірінен өмірімнің бірнеше жылы зая кетті. Баламның тәтті кезіне куә бола алмадым, әжем қайтыс болғанда онымен қоштаса алмадым. Бар болғаны 113 мың доллар үшін осыншаға барған әр адам жауапқа тартылып, не істегенін түсінуі үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, - деді Темірова.

Оқиғаның мән-жайы

Еске салайық, Темірованың арызы бойынша қылмыстық іс 2015 жылы тіркелген. Тергеу шамамен екі жылға созылғанымен, кейін бірнеше рет тоқтатылған.

Ресми статистикада бұған «қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның анықталмауы» себеп болғаны көрсетілген.

Алайда Темірованың адвокаты Ільяс Битімбаев бұған дейін Ulysmedia.kz басылымына Мақсұт Ержановтың 2015 жылғы желтоқсаннан бері күдікті мәртебесінде екенін айтқан. Ал Темірова жәбірленуші деп танылған.

Адвокаттың сөзінше, іс материалдарында куәгерлердің жауаптары, сот-фонографиялық сараптама қорытындысы және өзге де дәлелдер бар.

Бұл іс Ержанов мемлекеттік құрылым - «Қонаев» ӘКК қауіпсіздік қызметінің басшысы болып тағайындалғаннан кейін қайтадан қоғам назарын аударды.

Бұған дейін Ulysmedia.kz Темірова тарапы іс бойынша күдікті деп атайтын адамның арнайы тексеруден қалай өтіп, мұндай қызметке тағайындалғанын анықтауға тырысқан еді. Журналистік сауалдан кейін Ержанов қызметінен кеткен.