«Тарихи жәдігерге ұқсайды»: Жетісу облысында жұмбақ жазуы бар тас табылды

Сырым Қаржас
Видео кадры

Жетісу облысының Қапал ауылында жергілікті тұрғын үйіне су құбырын тартып жатқан кезде ауласынан белгісіз жазуы бар тас тақта тауып алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Табылған тас туралы видео әлеуметтік желіде жарияланды. Видео авторының айтуынша, тас үйлердің бірінің маңында жүргізілген жұмыс кезінде шыққан. Тақта бетіне бірнеше қатар белгі қашалып жазылған.

- Мына тасты тауып алдық. Өте көне секілді, бірақ қай тілде жазылғанын білмейміз. Тарихи жәдігер болуы әбден мүмкін. Ауылымыздағы бір кісі үйіне су құбырын тартып жатқан кезде осы тасқа тап болған. Жазудың мәнін білетіндер болса, пікірге жазып кетіңіздер, - дейді видео авторы.

Әлеуметтік желі қолданушылары тастағы таңбалар көне түркі руна жазуына ұқсайтынын болжап отыр.

Қапал - археологиялық мұраға бай өңір

Айта кетейік, Қапал ауылы орта ғасырларға жататын археологиялық ескерткіштер орналасқан өңірде жатыр.

Ауылдан солтүстік-шығысқа қарай жеті шақырым жерде X-XII ғасырларға жататын Қапал-Қызылағаш-1 қалашығы орналасқан.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары бұл қалашықты археолог Ринат Жұматаевтың жетекшілігімен 2023 жылдан бастап зерттей бастаған.

Алғашқы қазба жұмыстары кезінде мамандар қорған қабырғаларын, мұнараларды және қалашықтың орталық бөлігін зерттеген. Табылған заттардың қатарында қыш ыдыс сынықтары, шикі кірпіштен салынған құрылыстардың қалдықтары мен үй жануарларының сүйектері бар.

Зерттеушілер бұл қалашықты Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда қатынастарымен байланыстыра қарастырып жүр.