«Жұрт топырлап кетті»: Алматыда Анарбеков және өзге футболшылармен кездесу өтпей қалды

Ulysmedia
Видео кадры

Mega Silk Way сауда орталығында Қазақстан құрамасының футболшылары жанкүйерлермен кездескен кезде жұрт қысылып, дүрбелең туды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

19 қыркүйекте сауда орталығында Қазақстан ұлттық құрамасының бірнеше ойыншысы жанкүйерлермен кездесуі керек еді. Олардың арасында қақпашы Темірлан Анарбеков те болды.

Кездесуді Қазақстан футбол федерациясы мен Mega Silk Way әкімшілігі ұйымдастырған. Алайда іс-шараны жоспарланған тәртіпте өткізу мүмкін болмады.

Оқиға орнына жасөспірімдер мен жас жанкүйерлер көп жиналып, футболшыларды қоршап алған. 

Әлеуметтік желіде тараған видеолардан іс-шара өтетін жерге адамның тым көп жиналғанын көруге болады.

«Тыныс алу мүмкін болмады, балалар жылады»

Threads қолданушысы Ерлан Абсатов жағдайға қатысты шағымын жазды. Оның айтуынша, ұлы бірнеше күн бойы сүйікті футболшысы Темірлан Анарбековпен кездесуді күткен.

- Сәтсіз ұйымдастырылған. Бейберекетсіздік басталып, демалу мүмкін болмай қалды, балалар жылады. Ақыры қауіпсіздік үшін футболшыларды бақылаудан шыққан қалың нөпірдің арасынан алып кетуге тура келді, – деп жазды ол.

Абсатов ойыншыларды қауіпсіз жерге алып шығу туралы шешімді түсінетінін айтты. Дегенмен ұлы футболшымен кездесе алмай қалғанына қатты ренжіген.

Материал жарияланған сәтте Қазақстан футбол федерациясы мен Mega сауда орталығының әкімшілігі жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.