Розэ iPhone 18 Pro-мен түскен даулы суреттің сырын ашты

Сырым Қаржас
Instagram

BLACKPINK тобының әншісі Розэнің iPhone 18 Pro-мен түскен суреті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қолданушылар әншінің қолындағы смартфон оғаш көрінетінін айтып, телефон фотошоп арқылы жасалған болуы мүмкін деп болжады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Розэ бұл жағдайды Apple Music-тегі Зейн Лоуға берген сұхбатында түсіндірді. Әнші жүргізушіге суреттің бастапқы нұсқасын көрсетіп, оның өзі де фотоның біртүрлі көрінетінін байқағанын айтты.

- Менде суреттің түпнұсқасы бар. Оған қарап отырып, «фотошоп секілді екен» деп ойлаймын. Мұнымен келісемін. Бірақ телефон шынымен қолымда болды - деді ол.

Розэнің айтуынша, фото расында да өңделген. Алайда iPhone суретке кейін цифрлық жолмен қосылмаған.

Суретті өңдеу кезінде команда әншінің саусағын ғана өзгерткен.

- Мойындауым керек, саусағымды біртүрлі ұстаппын. Неге олай қойғанымды өзім де білмеймін. Сондықтан олар өңдеу кезінде саусағымның қалпын түзетті, - деп түсіндірді әнші.

Бұдан бөлек, смартфонның корпусында саусақ іздері көрініп тұрған. Жарнамалық кадр ұқыпты көрінуі үшін олар да ретушь кезінде өшірілген.

Розэнің сөзінше, дәл осы ұсақ өзгерістер бастапқы сурет пен өңделген нұсқаның айырмасын көрсетеді.

Мән-жай

Бұған дейін Розэнің iPhone 18 Pro-мен түскен суреті әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырған еді. Қолданушылар телефон мен әншінің саусақтары оғаш көрінгендіктен, смартфон фотоға кейін фотошоппен қосылған болуы мүмкін деп топшылады.

Бұл жағдайға Samsung Canada-ның ресми парақшасы да әзілмен жауап беріп:

«Сізге шынымен телефон керек болса, бізден сұрай салсаңыз болатын еді», — деп жазды.

Пікір жүздеген мың лайк жинап, сурет төңірегіндегі талқылауды одан әрі қыздыра түсті.

Розэ (Rosé) - оңтүстіккореялық әрі жаңазеландиялық әнші, әлемге әйгілі BLACKPINK K-pop тобының вокалисі. Ол жеке шығармашылығын да қатар дамытып келеді. Әншінің алғашқы жеке сингл-альбомы -R- 2021 жылы жарық көріп, оған On The Ground әні енді.