Венгрияның премьер-министрі Петер Мадьяр Сексард қаласындағы жүзім жинау мерекесінде келеңсіз жағдайға тап болды. Жиналғандардың бірі оған шарап шашып жіберген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Оқиға 19 қыркүйекте болған.
Мән-жай
Мадьяр Печ қаласындағы сапарынан кейін Сексардқа соғып, жергілікті Szekszárdi Szüreti Napok мерекесіне барған. Премьер-министр жиналғандармен сөйлесіп, бірге суретке түскен.
Сол сәтте көпшіліктің арасында тұрған ер адамдардың бірі қолындағы бокалдағы шарапты Мадьярға қарай шашып жіберген. Оқиға видеоға түсіп қалған.
Бұдан кейін күзетші әлгі ер адамды сол жерден алып кеткен. Ал премьер-министр жұртпен әңгімесін жалғастыра берген.
Мадьяр оқиға туралы айтты
Кейін премьер-министр әлеуметтік желідегі парақшасында болған жайтты баяндап, оқиғаның видеосын жариялады.
- Жұрттың көңілді отырғаны, ал біздің жүздеген адаммен сөйлесіп, бірге суретке түсіп жүргеніміз бұл «мырзаның» шамына қатты тиген сияқты. Бірақ маған жақындап келіп, бетіме тіке қарауға батылы жетпеді, - деп жазды Мадьяр.
Жазбасының аяғында ол Сексардтың жақсы шарабының рәсуа болғанына өкініш білдірген.
Шарап шашқан адамның кім екені және оқиғаның өзге мән-жайы жарияланған ақпаратта айтылмаған.
Szekszárdi Szüreti Napok мерекесі Сексард қаласында 17–20 қыркүйек аралығында өтеді. Бағдарламада концерттер, жәрмеңкелер, тағам мен шарапқа арналған шаралар және дәстүрлі шеру бар.