Қазақстандық компания ресейлік сот шешімі бойынша 25 млн теңге төлеуге міндеттелді

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Қазақстандық сот отандық компаниядан ресейлік арбитраж сотының шешімі негізінде 25 млн теңге өндіріп алды. Борышкер қарызды өз еркімен төлемеген. Осыдан кейін ресейлік компания Қазақстан сотына жүгініп, сот шешімін орындауға қол жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ресейлік «Э» ЖШҚ Қазақстанның «G» ЖШС-не қарсы дауда Мәскеу облысының Арбитраж сотында жеңіске жеткен. Сот қазақстандық компанияны 47 мың еуро төлеуге міндеттеген. Шешім заңды күшіне енгенімен, борышкер қарызды төлеуден бас тартқан.

Осыдан кейін ресейлік тарап Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шетелдік сот шешімін Қазақстан аумағында мәжбүрлеп орындату туралы арыз берген.

Сот 25 млн теңге өндірді

Сот қарыз сомасын Ұлттық банктің бағамы бойынша теңгеге қайта есептеп, «G» ЖШС-нен 25 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Бұдан бөлек, компания 890 мың теңге мемлекеттік баж төлеуге міндеттелді.

Алайда сот ресейлік компанияның Қазақстан сотына арыз берген кезде төлеген мемлекеттік бажын өндіріп беруден бас тартты. Сот бұл шығындар арбитраж шешімінің өзіне емес, оны Қазақстанда тану және орындау рәсіміне қатысты екенін атап өтті.

Апелляция шешімді растады

Қазақстандық компания өндіріп алу туралы шешімге шағым түсіргенімен, апелляциялық сатыда жеңілді. Абай облысының соты бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын өзгеріссіз қалдырды.

Апелляциялық соттың түсіндіруінше, 1992 жылғы ТМД елдері арасындағы дауларды шешу тәртібі туралы келісімге сәйкес, мемлекеттер бір-бірінің құзыретті соттарының шешімдерін өзара таниды және орындайды.

Бұл ретте сот даудың мән-жайын қайта қарамайды, тек шетелдік сот шешімін тануға және орындауға негіздердің бар-жоғын тексереді.