"Құлдықта ұстап отыр": Қызылордада жас жігіт Құранға хат қалдырып, жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 26 жастағы Жанболат Байділләұлы 21 күннен бері із-түзсіз жоғалып кеткен. Жақындарының айтуынша, жас жігіт жоғалар алдында өзіне бірнеше жыл бойы қысым көрсеткен адамдар туралы хат қалдырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Жанболат төрт жыл бұрын нәпақа табу үшін Жаңақорғанға кеткен. Қой бағып жүрген ол қара шаңыраққа екі-үш айда бір келіп тұрған. Ата-анасының сөзінше, бастапқыда мал баққан қожайындары айлығын уақытылы төлеген. Алайда кейінгі уақытта олардың қарым-қатынасы өзгеріп, жалақыны беруге түрлі сылтау айта бастаған.

«Әке-шешеңді өлтіреміз» деп қорқытқан

Жанболат жоғалар алдында сыныптасына хабарлама жазып, Құранның ішіне хат қалдырғанын айтқан. Екі парақтан тұратын жазбада ол бірнеше жыл бойы беттерін жауып келген адамдардың өзіне қысым көрсеткенін жазған.

– 3 жылдан бері беттерін жауып, түн ішінде 4 бала келіп тұрады. Кентаумен арада наша тасып бересің деп қысым жасап, қолма-қол ақша талап етіп алып отырды. Осыдан 8 күн бұрын 4 жігіт тағы да келіп, сені мылтығыңмен атып өлтіреміз деп қорқытты. Бір адамның өлімі қоғамның тазаруына себеп болса, тағдырыма ырзамын, – делінген хатта.

Жақындарының айтуынша, Жанболат өзіне көрсетілген қысым туралы бұған дейін ата-анасына айтпаған.

Жоғалған жігіттің анасы Мейрамгүл Жаңжарық ұлының үйден аман-есен кеткенін айтып, оның тағдырына алаңдап отырғанын жеткізді.

– Жуас бала. Осы жерде жұп-жуас болып аман-есен аманат қылып алып кеткен. Аманатқа қиянат жасап отыр енді өздері. Біледі иелері. Өлмейді ол, өлмейді өзі келеді, өзі қашып кеткен деп отыр олар. Жиені бар қасында. Менің баламның атынан миллион кредит алған, – деді ол.

Әкесі 21 күннен бері ұлын іздеп жүр

Жанболаттың әкесі Байділлә Жаңжарықтың айтуынша, отбасы ұлының қайда жүргені туралы түрлі ақпарат алған. Алайда оның ешқайсысы расталмаған.

– Ойбай, Шымкентте Датқа ауылында жүр екен деді. Одан Қарабұлақта жүр екен деді телефоны. Содан жоқ қой. 21 күн болды қазір. Полиция қайта-қайта іздеп жатырмыз дейді. Ешқандай нәтиже болмай жатыр. Тауды іздедік барып. 9-күні ауылдан 2 газель жалдадық. 5-6 мотоцикл алдық. Ағайындар шықты әйтеуір. Жора-жолдастар. Екі дрон жалдадық, – деді ол.

Ата-анасы ұлдарын 21 күннен бері өздері де іздеп жүр. Олар полицияның жұмысына көңілі толмайтынын айтып, Жанболатты табу үшін туыстары мен таныстарын жұмылдырған.

Полиция не дейді?

Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовтың айтуынша, іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлерінен бөлек басқа да күштер тартылған.

– Іздеу жұмыстарына Ішкі істер органдарының жеке құрамы, ТЖД қызметкерлері, туыстары, еріктілер, блогерлер және жергілікті тұрғындар тартылды. Іздеуге жергілікті атқарушы органдар да белсенді көмектесіп жатыр. Іздеу жұмыстары арнайы иттердің, дрондардың және сүңгуірлердің көмегімен жүргізілуде. Жедел іздестіру топтары құрылып, облыс аумағында іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Жанболаттың туыстары жас жігітті біреулер күштеп ұстап отыруы мүмкін деп күдіктенеді. Олардың айтуынша, ол жастайынан мал бағып, қара жұмысқа епті болған. Қазір жақындары оның аман-есен табылып, үйіне оралуын күтіп отыр.