«Әжетханаға бармай, үйге дейін шыдайды»: Қаскелеңде оқушылар адам төзгісіз жағдайда оқып жүр

Ulysmedia
Ulysmedia.kz

Қаскелеңдегі Пушкин атындағы орта мектептің мүшкіл жағдайы туралы видео тарағаннан кейін Ulysmedia.kz тілшісі оқушылардың қандай жағдайда білім алып жатқанын өз көзімен көру үшін білім ордасына барды.

Сырт көзге оқу орны штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда ішке кіргенде қабырғалардағы жарықтар, әжетханалардағы көгерген іздер, сынған плитка, ескі еден мен құбырлар, тозған парталар мен орындықтар көзге түседі. Әсіресе, санитарлық бөлмелердің жағдайы алаңдатады, ата-аналардың айтуынша, оқушылар қирап жатқан әжетханаға кіргісі келмейді, кіші дәретін қысып сабақ біткен соң бірден үйлеріне асығады екен.

«Жөндеуді екі жылдан бері күтіп келеміз»

Мектеп 1964 жылы салынған. Жобалық қуаты 640 орынға есептелгенімен, қазір мұнда  екі ауысымда 1081 оқушы білім алып жатыр. Жиналған ата-аналардың айтуынша, мектепті жөндеу туралы әңгіме 2024 жылы басталған. Алайда ата-аналарға жөндеудің нақты қашан басталатыны туралы бірнеше рет ауызша уәде берілгенімен, ресми құжат көрсетілмеген.

«Бізді алаңдататыны – мектепті жөндеу мәселесі 2024 жылдан бері көтеріліп келе жатқаны. Қарасай ауданының өкілдері мектепте жөндеу жүргізілетінін бірнеше рет айтты. Алғашында 2024 жылдың наурыз айында мектептен  уақытша шығамыз деп күттік. Артынша мамыр айын тағы күттік, бірақ ешқандай өзгеріс болмады. Кейін директорға барып, нақтылап сұрадық. Сол кезде мектептен 2024 жылдың қыркүйегінде шығатынымызды айтты. Біз 2025 жылдың мамырына дейін күттік. Яғни әр тоқсан сайын жөндеу басталады деген уәде айтылып отырды», – дейді осы мектептің оқушысының анасы Замира Қанағатова.

2025 жылдың мамырында ата-аналар мектепті жөндеу туралы өтініш берген. Кейін оларға Қарасай аудандық білім бөлімінен ресми жауап келген.

«2025 жылдың 18 қыркүйегінде бізге ресми түрде өтініштің қабылданып, қарауға жіберілгені туралы жауап келді. Бізге оны қарау мерзімі 6 айдан 10 айға созылатынын түсіндірді, біз күттік. Егер ресми жауап 2025 жылдың 18 қыркүйегінде келгенін есептесек, 2026 жылдың 18 қыркүйегінде тура бір жыл болады. Яғни 12 ай өтіп кетеді. Бұдан кейін мамыр айында облыстық білім басқармасына да бардық. Ол жерде бізге 23 тамызды күтіңіздер деді. Референдум өтсін, Құрылтай сайлауы және басқа да процестер аяқталсын деді. Біз тағы да күттік. Бұл күтудің де бір шегі бар шығар»,  дейді ата-ана Кристина Рейн.

«Әжетханаға кірмей, үйге дейін шыдайды»

Тағы бір ата-ана мектептің қазіргі жағдайы әлеуметтік желіде тараған кадрлардан аса өзгермегенін айтады. Ата-аналардың айтуынша, балалар әжетхананың пайдаланудан қашады екен.

«Мектепке кіріп, жағдайына қарасаңыздар, кешегі әлеуметтік желіде тараған суреттегі жағдайдың дәл өзі. Кеше бұл суреттерді Қарасай аудандық білім бөлімі былтырғы деп жазыпты. Ештеңе өзгерген жоқ. Мектептің іші ыстық, ауа тар. Балалар отыра алмайды. Балалардың кейбірі мектептегі әжетханаға кірмейді. Дәретін қысып, үйге дейін шыдайды. Бұл – бала үшін қалыпты жағдай емес. Әсіресе, бірінші сыныпқа енді барған оқушылар үшін бұл азап. Оған қоса барлық сыныпта кран жоқ. Бүкіл мектепте асханадан басқа жерде қол жуатын бір ғана раковина бар. Балалар дене шынықтырудан кейін, шаң-тозаңнан соң қолдарын жуа алмайды. Сөйтіп, қолы кір күйінде асханаға барып тамақтанады», – дейді ата-ана Замира Қанағатова.

Оған қоса осы мектепті 20 жыл бітірген ата-аналар кейбір сыныптардың қалпы одан бетер тозып кеткенін айтты.

«Балалар еркін жиналып, іс-шара өткізетін қалыпты акт залы да жоқ. Қазір ХХІ ғасыр. Біз де балаларымыздың басқалар сияқты қалыпты жағдайда білім алғанын қалаймыз. Сыныптардың бәрі жақсы қамтылғанын қалаймыз, химия, физика кабинеттері мен осы мектептен  20 жыл бұрын бітіргенде толық жабыдталмаған еді қазір сол қалпы тұр. Мектепке косметикалық емес, толыққанды күрделі жөндеу жүргізу керек», – дейді Кристина Рейн.

Балалардың дене шынықтыру сабағын далада өткізуіне қатысты сұрақтар бар, өйткені арнайы футбол алаңы да жоқ екен.

«Футбол алаңына қарасаңыздар, онда шаң. Бастауыш сыныптағылардың мұғалімімен сөйлесіп, дене шынықтыру сабақтарын спорт залында өткізуді сұрадық. Бірақ спорт залдың іші де қапырық, терезелері ашылмайды. Ол жерге де жөндеу қажет, себебі еденнің жағдайы да мәз емес. Егер кішкентай балалар спорт залында жоғары сынып оқушыларымен бірге сабақ өткізсе, жарақат алатын жағдайлар да болады», – дейді ата-ана.

Мектептегі санитарлық бөлмелердің жағдайын Ulysmedia.kz тілшісі де аралап көрді. Қыздарға арналған әжетхана үшінші қабатта, ал ұлдарға арналған әжетхана бірінші қабатта орналасқан.

Қыздарға арналған әжетханада үш кабина бар, оның екеуі ғана жұмыс істейді. Кабиналардың бірінде есік жоқ. Ал бірінші қабаттағы ұлдар әжетханасында да үш кабина болғанымен, олардың тек біреуі ғана пайдалануға жарамды екені айтылды. Әжетханалардың ішінде жағымсыз иіс сезіледі.

Санитарлық бөлмелерде ескі сантехника, тозған кафель, кей жерлерде жарықтар мен көгерген іздер байқалады. Мектептің өзге бөліктерінде де жөндеуді қажет ететін тұстар бар, едендегі линолеум тозған, кей жерлерінде жарықтар байқалады, қабырғаларда да ақаулар бар.

Мектеп директоры не дейді?

Пушин атындағы орта мектеп директоры Қанат Қоқановтың айтуынша, мектептің мүшкіл жағдайында қатысты жобалық-сметалық құжаттама әлдеқашан жасалған екен, қазір тек қаржы күтіп отыр.

«Иә, өздеріңіз көріп отырғандай, мектепке кешенді жөндеу керек. Біз жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап облыстық білім бөліміне жіберіп қойдық. 2025 жылдың қыркүйегінде жібердік, содан бері күтіп отырмыз. Оған арнайы қаражат бөліп, байқауға түсуі керек. Екі ауысымда 1100-дей оқушы оқиды, қазір мектеп қалыпты режимде жұмыс жасап жатыр. Кеше апаттық жағдайда деп айтып жатыр, ондай бір қатты қауіпті жағдай емес, бірақ күрделі жөндеуді талап етеді бұл мектеп.  Біз енді облыстан сұрастырғанда, қалай қаражат бөлінеді, солай іске кірісеміз деді, өзімізден талап етілетін нақты құжаттарды тапсырып қойғанбыз», – деді Қоқанов.

«Балалардың киімі жыртылады»

Ата-аналар мектептегі жағдайдың балалардың күнделікті өміріне де әсер ететінін айтады. Олардың сөзінше, оқушылардың киімі мектептегі жағдайға байланысты, яғни тозған парталар мен орындықтардан жиі жарамсыз болып қалады.

«Балалардың колготкиі жыртылады, белдемшелері мен жейделері тез тозады. Үйге кейде шалбары су болып келеді. Әр тоқсан сайын киім аламыз.Бес-алты баласы бар отбасыларға бұл шынымен қиын. Қазір бәрі қымбат, балаға киім тауып алу да оңай емес», – дейді ата-ана.

«Қарасай ауданы бойынша инклюзивті сыныптар тек осы мектепте бар»

Ата-аналар мектептегі жағдайға шағым айтқанымен, мұғалімдер мен мектеп директорына қатысты арыз-шағымы жоқ екенін атап өтті. Керісінше, балаларды осы мектепте ұстап отырған негізгі себептің бірі педагогтер екенін айтады.

«Бізде директорға да, мұғалімдерге де шағым жоқ. Шынымызды айтсақ, басқа мектепке ауыса аламыз, ондай мектептер бар. Бірақ мұнда білім жақсы беріледі. Бізді ұстап отырған да – мұғалімдер. Педагогтер құрамы өте жақсы, балаларға қамқор», – дейді ата-ана.

Ата-аналар Пушкин атындағы мектептің тағы бір ерекшелігін инклюзивті білім беру сыныптарының барын атап өтті. Олардың айтуынша, Қаскелеңдегі мектептердің арасында мұндай мүмкіндік тек осы білім ордасында қарастырылған.

«Тек біздің мектепте инклюзивті білім алуға арналған арнайы сыныптар бар. Қаскелеңдегі барлық мектептің ішінде мұндай мүмкіндік тек бізде қарастырылған. Дамуында немесе физикалық ерекшелігі бар балалар осында білім алады. Мұндай балалар үшін жағдай тіпті жақсы болуы керек. Бәрі таза, ұқыпты, қауіпсіз, мінсіз болуы тиіс. Мұнда дені сау балалар қирап тұрған әжетханаға кіруге жиіркенсе, инклюзия бойынша оқып жатқан балалар қалай әжетхананы пайдаланады? Оларға еш жағдай жасалмаған», – дейді ата-ана.

«Уақытша басқа мектепке көшуге де дайынбыз»

Ата-аналар мектепті жөндеу үшін уақытша басқа ғимаратқа көшіру мәселесіне қарсы емес екенін айтты. Бірақ ол үшін оқушыларға қалыпты жағдай жасалуы керек.

«Егер мектепті жөндеу үшін уақытша басқа жерге көшіретін болса, біз оған да дайынбыз. Бірақ бәрімізді бірге, қалыпты жағдайы бар ғимаратқа ауыстыруы керек. Ол жерде оқушыларды бірнеше ауысымға бөліп оқытпай, қалыпты екі ауысым болуы керек. Әжетханалары да дұрыс жағдайда болуы тиіс. Мектеп екі жылға жабыла ма, әлде қанша уақытқа жабылатынын біз білмейміз. Ең бастысы – бізге дәл осындай қалыпты жағдай жасалуы керек. Бір мәселені екінші мәселеге ауыстырғандай болмауы керек. Барлығы ресми жауаппен бекітілуі қажет», – дейді ата-аналар.

Мектептің лицензиясына қатысты мәселе

Ата-аналардың айтуынша, 2026 жылдың мамырында мектепке санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тексеріс жүргізіп, оқу орны санитариялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, мектептің жұмысын тоқтатып, лицензиясын алған. Ата-аналар мектептің құжат жүзінде жабылғанына қарамастан, балалардың оқуын жалғастырғанын айтады.

«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мектепті жабуына айтқан себебі  – кәріз жүйесінің, ыстық судың жоқтығы және санитариялық талаптарға сәйкес келмеуі болды. Өткен жылы кәріз жүйесінде апатты жағдай да болып, құбыр жарылды. Сол кезде мектепті жапқан жоқ. Келіп, суды сорғызып алды», – дейді ата-ана.

Кейін мектептің лицензиясы қайта қайтарылыпты. Бұған мектеп бітіруші түлектердің құжаттарын рәсімдеу қажеттілігі де себеп болған.

«Балаларымыздың басқа баратын жері болмады. Оның үстіне биыл мектеп бітіретін түлектердің құжаттарына мөр басып, дипломдарын беру керек болды. Сондықтан лицензия қайтадан берілді», – дейді ата-ана.

Біз осы мәселеге қатысты Алматы облысының білім бөліміне сұрау салдық, ведомства 10,6 млн теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп қойғанын жеткізді, Алайда әлі де тиісті қаражат табылмаған екен.

 «Мектеп ғимаратының техникалық жағдайы күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектеп ғимараты 1964 жылы салынған, жобалық қуаты – 640 орын. 2025 жылдың қыркүйегінде ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге арналған жалпы құны 10,6 млн теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Қазіргі уақытта мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда», – деді ведомство өкілдері.

Демек, оқушылардың білам алуға қолайлы оқу бөлмелеріне, таза әрі ыңғайлы әжетханаға  қашан қол жеткізетіні белгісіз.

 

Автор: Перизат Жарылқасын