Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, тергеу барысында оқиға орны қаралып, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды. Сонымен қатар құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды.
– Тергеу нәтижесінде қызметке салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау жүргізіп, қажетті шараларды қабылдамағаны, сондай-ақ құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмағаны анықталды, – делінген хабарламада.
Тергеу мәліметінше, аталған әрекеттер адамдардың қазасына себеп болған.
Қазір барлық күдіктілердің әрекетіне толық құқықтық баға беру үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оларға қатысты тиісті процестік шаралар қабылданады.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілердің бір тобы теңізге батып кеткен.
Нақтылаған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия қайғылы жағдайдың себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
Кейінірек Маңғыстауда қаза тапқан 12 әскери қызметшінің аты-жөні жарияланды. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған.