Маңғыстаудағы әскери трагедия: алғашқы тергеу шараларының нәтижесі айтылды

Сырым Қаржас
Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық істер қозғалып, қауіпсіздік талаптарын бұзды деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Бұл туралы Үкіметтік комиссияның отырысында айтылды.

Толығырақ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен отырыста қайғылы оқиға бойынша жүргізілген алғашқы тергеу шараларының нәтижелері қаралды. Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болуына әкелген барлық себептер мен мән-жайларды анықтау бойынша алдағы жұмыстар талқыланды.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, қаза болу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық істер қозғалған.

«Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты заң бұзушылықтарға жол берді деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деді Санжар Әділов.

Құтқарылған сарбаздың жағдайы тұрақты

Отырыста қайғылы оқиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы да қаралды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың мәліметінше, әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол есін жиған, барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Қасында ата-анасы бар.

Отбасыларға көмек көрсетіледі

Үкіметтік комиссия қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар көрсетілетін материалдық көмектің ашық бөлінуін қамтамасыз ету тапсырылды. Қаржылай қолдау мемлекеттік төлемдер мен заңда көзделген өтемақылармен ғана шектелмейді. Оған бизнес өкілдері мен меценаттардың көмегі де кіреді.

Осы қаражатты жинақтау үшін арнайы қор құрылды. Оның жұмысы Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда болады.

Каспийдегі қайғылы оқиға

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілердің бір тобы теңізге батып кеткен.

Нақтылаған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия қайғылы жағдайдың себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.

Кейінірек Маңғыстауда қаза тапқан 12 әскери қызметшінің аты-жөні жарияланды. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған.

25 қыркүйекте екі әскери қызметшінің денесі табылды.