Каспийдегі трагедия: ескерілмеген ескерту, құтқару жабдықтары және жауапсыз сұрақтар

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде жел мен толқын 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне алып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Оқидан бұрын «Қазгидромет» өңірде дауылды ескерту жариялаған.

Ulysmedia редакциясы Ақтаудағы Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімінің келісімшарттарын зерделеп, 2026 жылы қандай құтқару құралдарын сатып алынғанын анықтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қайғылы оқиғаға қатысты осы уақытқа дейін белгілі болған деректердің бәрін топтастырып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ОҚИҒА ХРОНОЛОГИЯСЫ

22 қыркүйек. Қорғаныс министрлігі Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігінде «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы басталғанын хабарлады. Оған 500-ден астам әскери қызметші қатысты. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштерінің теңізшілері, әскери кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері және ҰҚК-нің Маңғыстау облысы бойынша шекарашылары болды.

23 қыркүйек, кеш. «Қазгидромет» дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жететінін болжады.

24 қыркүйек. Әскери қызметшілер жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырма орындаған. Оқиға Ақтаудан шамамен 43 шақырым жерде, Omir Glamping демалыс базасы маңында болған. Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік еткен.

Қорғаныс министрлігінің нұсқасы бойынша, ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен.

Әлеуметтік желілерде әскери қызметшілердің «Қайсар» кемесінен түсуді пысықтағаны жазылды. Алайда бұл ақпаратты ведомство ресми түрде растаған жоқ.

24 қыркүйек, сағат 14:00. Қорғаныс министрлігі теңізге 19 адамның кеткенін, оның тоғызы қаза болғанын хабарлады. Үш адам құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Оқиға орнына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған ведомство комиссиясы ұшып шықты. Министрлік ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.

24 қыркүйек, күндіз. Премьер-министрдің шешімімен вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратын үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Қорғаныс министрі де кірді. Яғни өзі басқаратын ведомствоның іс-әрекеті тексерілетін комиссияға сол ведомствоның басшысы да мүше болды.

Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Тергеуді ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр. Іс екі бап бойынша қаралуда: ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық және кеме жүргізу қағидаларын бұзу.

24 қыркүйек, кеш. Билік қайғылы оқиғаға қатысты мәліметті нақтылады. Жаңа дерек бойынша, теңізге 19 емес, 17 адам кеткен: 12 адам қаза тауып, үшеуі аман қалған, тағы екеуі іздестіріліп жатты.

Қорғаныс министрлігі қаза тапқандардың тізімін жариялады. Олардың арасында 11 матрос пен бір аға лейтенант бар. Марқұмдардың туыстары мәйіттерді тану үшін Ақтаудағы мәйітханаға жиналды.

25 қыркүйек. Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні. Әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары аяқталды. Теңізден тағы екі адамның мәйіті шығарылды.

Қаза тапқандардың басым бөлігі – Маңғыстау облысының тумалары.

Денсаулық сақтау министрлігі құтқарылған әскери қызметшілердің бірінің жағдайы тұрақтанғанын, өміріне қауіп жоғын хабарлады.

СИНОПТИКТЕР АЛДЫН АЛА ЕСКЕРТКЕН

Қорғаныс министрлігі қайғылы жағдайды «метеорологиялық ахуалдың күрт нашарлауымен» түсіндірді. Алайда синоптиктер Маңғыстауда жел күшейетінін алдын ала ескерткен.

23 қыркүйек кешке «Қазгидромет» 24 қыркүйекке дауылды ескерту жариялады. Болжам бойынша, оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі керек болған. Облыстың солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл соғатыны да айтылған.

Ал теңізге қатысты болжам біршама қалыпты болған. Жағалаудың жеті нүктесі бойынша жасалған толқын моделінде 24 қыркүйекке желдің секундына 15–20 метрге дейін күшеюі көрсетілмеген. Ақтау маңында есептік желдің жылдамдығы секундына 2–6 метр, ал толқын биіктігі шамамен жарты метр болған.

Дегенмен бұл екі құжатты бір-бірімен тікелей салыстыруға болмайтынын ескерген жөн: бір болжам облыс аумағындағы ауа райын сипаттаса, екіншісі теңіздегі жекелеген нүктелерге қатысты жасалған.

Бірақ осыған байланысты жауапсыз сұрақтар бар: Ақтаудан 43 шақырым жердегі оқу-жаттығу орны болжамның қай аймағына кірді? 24 қыркүйек таңертең оқу-жаттығу штабы қандай метеорологиялық мәлімет алды? Оқу-жаттығуды тоқтатпау туралы шешімді кім қабылдады?

ӘСКЕРИ БӨЛІМ ҚАНДАЙ ЗАТТАР САТЫП АЛҒАН?

Қайғылы жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде Ақтаудағы екі әскери бөлімнің – 29011 және 21814 бөлімдерінің атауы аталды. Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты растаған жоқ. Екі әскери бөлімнің де заңды мекенжайы бір: 24-шағынаудан, 7-ғимарат.

Біз мемлекеттік сатып алулар порталынан 2026 жылы судағы құтқару жұмыстарына қатысты 29011 әскери бөлімінің екі келісімшартын таптық. Ал 21814 әскери бөлімінде ашық жарияланған сатып алулар мүлдем жоқ. Мүмкін, екі бөлімнің де барлық сатып алуы 29011 әскери бөлімі арқылы жүргізілген шығар. Бірақ бұл жағдайда сұрақ одан сайын көбейеді.

Құтқару кеудешелері. Әскери бөлім 16 900 теңгеден 79 құтқару кеудешесін және 14 800 теңгеден 64 жұмыс кеудешесін сатып алған. Бұл – «теңізде қауіпсіз жүзуге» арналған кеудешелер. Олардың жиынтығында ысқырық, белгі беретін шам және жарық шағылыстыратын жолақтар бар. Техникалық сипаттамада қандай да бір стандартқа – ГОСТ-қа да, халықаралық талаптарға да сілтеме жасалмаған.

Kompra дерегіне сүйенсек, 29011 әскери бөлімінде 251-ден 500-ге дейін қызметкер бар. Ал сатып алынған кеудешелердің саны – небәрі 143. Дегенмен бөлімде бұған дейін жиналған қор болуы да мүмкін. Егер келісімшарт сәуірдің соңында немесе мамырда жасалса, кеудешелер шілде айының басына дейін жеткізілуі тиіс еді. 24 қыркүйекте әскери қызметшілердің осы кеудешелерді кигені-кимегені әзірге белгісіз.

Үрлемелі құтқару салдары. Екінші келісімшарт кемелерде сақталатын үрлемелі салдарды техникалық қызметтен өткізуге қатысты. Оның аясында дәрі қобдишаларын, суды, азық-түлік қорын және дабыл беретін құралдарды ауыстыру, салдарды бояу және пломбалау жұмыстары қарастырылған.

Құжатта бірқатар сәйкессіздік бар. Мәселен, жылуды қорғау құралдарының саны келісімшарттың орыс тіліндегі нұсқасында 12 дана деп көрсетілсе, қазақ тіліндегі нұсқасында 22 дана деп жазылған. Екі нұсқаның да заңды күші бірдей.

Алайда мұнда бір маңызды жайт бар: сал – кеменің жабдығы. Жағалауға түсірілген сарбаздарға ол көмектесе алмайды. Сондықтан Қорғаныс министрлігіне қойылатын негізгі сұрақ басқа: дауылды ауа райында жағалауға жіберілген әскери қызметшілер қандай қауіпсіздік және құтқару құралдарымен қамтамасыз етілді?

МҰНДАЙ ЖАҒДАЙ БҰРЫН ДА БОЛҒАН

Бұдан бұрын да, 2015 жылдың қыркүйегінде Каспий теңізі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің өмірін жалмаған. Ол кезде де  оқиға осы маңда болған.

18 қыркүйекте Ақтау маңындағы теңізге 52 әскери қызметшісі бар алты БТР-80 шыққан. Жағадан 150 метр қашықта соққан қатты жел мен биік толқын төрт әскери машинаны суға батырған. Төрт әскери қызметші қаза тапты.  Жаттығуды түсіріп жүрген журналистер алғашында суға батып бара жатқан БТР-лерді оқу-жаттығу сценарийінің бір бөлігі деп ойлаған.

Қаза тапқан сарбаздардың әскерден босауына бір ай ғана қалған еді.

Ол кезде де қайғылы жағдай жел мен толқынға байланысты түсіндірілген. Кейін Қорғаныс министрлігі оқиғаның негізгі себебі адам факторы, жеке құрамның тиісті деңгейде дайындалмауы және бақылаудың әлсіздігі екенін мойындады.

Сот Батыс өңірлік қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысын, бригада командирін және әскери бөлім командирінің орынбасарын 2,5 жылға колония-қонысқа жапса, кіші сержантқа 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Кейін олардың барлығы рақымшылықпен босатылды.

Редакциямыз Қорғаныс министрлігіне жолдайтын сұрақтары әлі де көп:

  • 24 қыркүйек таңертең оқу-жаттығу штабы қандай метеорологиялық мәлімет алды және оқу-жаттығуды жалғастыру туралы шешімді кім қабылдады?
  • Әскери қызметшілер қандай тапсырманы орындады және оған қандай әскери бөлімдер қатысты?
  • Әскери қызметшілер құтқару кеудешелерімен немесе гидрокостюмдермен қамтамасыз етілді ме? Егер қамтамасыз етілсе, қандай үлгідегі құралдар болды?
  • Оқиға орнына жақын жерде кезекшілікте құтқару катерлері болды ма? Құтқару жұмыстары басталғанға дейін қанша уақыт өтті?
  • 2015 жылғы қайғылы жағдайдан кейін Қорғаныс министрлігі қандай қауіпсіздік шараларын енгізді және олардың орындалуын кім тексерді?
  • Қорғаныс министрлігінің іс-әрекетін тексеріп жатқан үкіметтік комиссия құрамына осы ведомствоның басшысы – Қорғаныс министрінің өзі неліктен кірді?

 

Автор: Илья Астахов