Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты Қазақстан Қарулы күштерінің жоғары және аға басшылық құрамындағы бес өкілі ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Уақытша ұстау изоляторына кімдер қамалды?
Күдіктілердің қатарында Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы бар. Бұдан бөлек, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі ұсталған.
– Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады ІІМ.
Тергеу қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша жүргізіліп жатыр.
Әскери қызметшілер катерден түскен кезде теңізге ағып кеткен
ІІМ қайғылы оқиғаның мән-жайына қатысты жаңа деректерді жариялады.
Оқу-жаттығу «Хазар Қорғаны – 2026» деп аталған және Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде өткен.
Тергеу мәліметінше, 24 қыркүйекте әскери қызметшілер «Қайсар» катерінен түсіп жатқан кезде қолайсыз ауа райының салдарынан теңізге ағып кеткен.
Қазір тергеушілер оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және өткізу туралы шешімдердің қалай қабылданғанын, ауа райы болжамының ескерілген-ескерілмегенін және қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтап жатыр. Сондай-ақ катердің техникалық жағдайы да тексеріледі.
14 әскери қызметші қаза тапты
Оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Үшеуі аман қалды, 14-і қаза тапты.
Жоғалған әскери қызметшілердің соңғы екеуінің денесі 25 қыркүйек күні таңертең табылды. Осыдан кейін іздеу операциясы аяқталды.