Әскерилер қазасы һәм Сүлейменовтің суициді: Каспийдегі қасірет неге Қаңтарды еске салды

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы қоғамда әскердегі қауіпсіздік пен командирлердің жауапкершілігіне қатысты сауалдарды қайта көтерді. Заңгер, Мәжілістің экс-депутаты Абзал Құспан да бұл қайғылы жағдайды Қаңтар оқиғасы кезіндегі бір оқиғамен байланыстырып, офицердің моральдық жауапкершілігі жайлы мәселе көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СҮЛЕЙМЕНОВТІ СУИЦИДКЕ ИТЕРМЕЛЕГЕН НЕ?

Құспан әлеуметтік желідегі жазбасында Маңғыстаудағы жағдай оған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы болған генерал-майор Жанат Сүлейменовтің тағдырын қайта еске салғанын жазды.

Сүлейменов 10 қаңтарда өзіне қол жұмсаған болатын. Заңгер Қаңтар оқиғаларын зерттей бастаған кезде генералдың өліміне ерекше назар аударып, ол туралы өз бетінше ақпарат жинағанын айтады.

«Қарағанды облысының Нұра ауданынан шыққаны, Қарағанды жоғары милиция мектебін бітіргені ашық ақпаратта жүрді. Ал мен Жамбылдық әріптестері, оған дейін  қызмет атқарған Қызылорда өңіріндегі азаматтармен сөйлестім. Олар Сүлейменовті адамгершілігі жоғары, кәсіби білікті, нағыз офицер еді деп баға беріп еді», – дейді Абзал Құспан.

Заңгер сол кезеңде генералға қатысты әртүрлі әңгіме тарағанын да еске алды. Соның бірі – Қаңтар күндері оның қарамағындағы қызметкерлерге қару қолдануға тыйым салғаны жайлы нұсқа.

«Мені мазалаған сұрақтар көптұғын, соның негізгілері: генералды өзіне қол салуға не итермеледі? Үстінен қозғалған қылмыстық іс пен алдағы жауапкершіліктен қорқу ма? Әлде болған оқиғалар үшін офицер ретінде өзін жауапты сезінуі ме? Мүмкін, мүлде басқа себеп болған шығар. Өкініштісі, мен бұл сұрақтардың жауабын сол кезде аяғына дейін зерттеп үлгермедім. Кейін басқа оқиғалардың арасында қалып қойды», – деп жазды экс-депутат.

«ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТӨМЕНГЕ ЫСЫРА САЛМАЙТЫН ОФИЦЕР БАР МА?»

Құспанның айтуынша, Маңғыстаудағы қасірет сол сауалдарды қайта еске түсірген. Сонымен бірге ол адамның өзіне қол жұмсауын ақтауға немесе мұндай әрекетті ерлік ретінде көрсетуге болмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, мәселе адамның өзін құрбан етуінде емес, жауапкершілік сезімінде.

 «Логотерапия негізін қалаған Виктор Франкл адам өмірінің мәнін сыртқы жағдайдан емес, сол жағдайға адамның өзінің қандай қатынас танытатынынан іздейді. Кейде адамның кім екені осындай ең ауыр сәтте көрінеді дейді. Сондықтан бүгін мені бір сұрақ толғандырады. Бейбіт күн. Соғыс жоқ. Жау жоқ. Бірақ өрімдей жастарымыз әскерде қайта-қайта қаза тауып жатыр. Енді, міне, бір ғана оқу-жаттығудың өзінде оннан астам азаматтан айырылып отырмыз.», – деді ол.

Заңгер Маңғыстауда нақты не болғанын тергеу анықтауы керек екенін де атап өтті. Оның сөзінше, ауа райының қандай болғаны, шешімді кім қабылдағаны, қауіп-қатердің қалай бағаланғаны және қауіпсіздік талаптарының қаншалықты сақталғаны – тергеу барысында анықталуға тиіс негізгі мәселелер.

Бірақ заңгердің пікірінше, бұл жерде қылмыстық жауапкершіліктен бөлек, моральдық жауапкершілік мәселесін де көтеру қажет.

«Ол - офицердің ар алдындағы жауапкершілігі! Сарбаздың өмірін сеніп тапсырған командир түнде тыныш ұйықтай ала ма? Ондаған жас сарбаздың өмірі қиылғанда жоғары тұрған басшылардың біреуі: «Бұл - менің де жауапкершілігім» деп айта ала ма? Қызметінен өз еркімен кетуге дайын ба? Тергеу нәтижесін күтпей-ақ, моральдық жауапкершілікті мойнына алатын офицер бар ма? Біреудің өзін атып өлтіруін сұрап отырған жоқпын. Керісінше, адам өмірі бәрінен қымбат. Менің сұрағым басқа: Біздің қорғаныс саласында қарамағындағы әр сарбаздың өмірін өзінің атағы мен қызметінен жоғары қоятын, қасірет болғанда жауапкершілікті төменге ысыра салмай, «мен жауаптымын» деп алға шығатын офицерлік мінез қалды ма?» – деп жазды Абзал Құспан.

Құспан бұл сұрақтың өзіне маңызды екенін айтып, әскери оқу орнында білім алып жүрген ұлдың әкесі ретінде мұндай сауалды қоюға толық құқығы бар екенін жазды.

«Ұлымды елін-жерін қорғасын, офицер болсын деп, әскери оқуға саналы түрде берген әке ретінде ол сұрақты қоюға толық хақым бар деп есептеймін!» – деп түйіндеді заңгер.

КАСПИЙДЕГІ ТРАГЕДИЯ

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу өтіп жатқан кезде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан бір топ әскери қызметшіні теңіз алып кетті.

Нақтыланған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. 

Қайғылы оқиғадан кейін тергеу басталды. Қазір іс қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан немқұрайлылық, сондай-ақ кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеліп жатыр.

Бұдан бұрын осы төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Қарулы күштерінің жоғары және аға басшылық құрамындағы бес өкілі ұсталғаны хабарланды. Күдіктілердің қатарында Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы бар. Бұдан бөлек, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі ұсталған.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.