Тоқаев Турловты құттықтады: қазақстандық FIDE-нің президенті болып сайланды

Ulysmedia
Freedom Holding Corp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловты Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайлануымен құттықтады. Мемлекет басшысы оған ұйым тізгініндегі қызметіне табыс тіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Турлов FIDE-нің Самарқандта өткен Бас ассамблеясында президент болып сайланды. Ол сайлауға шахматтан бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Анандпен бірге түсті. Ананд ұйымның вице-президенті қызметіне сайланды.

— Бүгін шахмат жеңді. Әр ойыншы, әр федерация және осы ойынның мүмкіндігіне сенетін әр адам жеңді. Біз — бір отбасымыз, алдағы уақытта да бірге жұмыс істейміз. Бұл — үлкен жауапкершілік әрі шахматтың жарқын болашағына берілген сенім. Енді шахматты жаңа белеске көтеретін уақыт келді, — деп жазды Турлов сайлаудан кейін.

Тимур Турлов 2023 жылдан бері Қазақстан шахмат федерациясын басқарады. Осы уақыт ішінде елде мектеп шахматын дамытуға арналған бағдарламалар кеңінен қолға алынып, ірі халықаралық турнирлер өткізіле бастады.

Турлов туралы не белгілі?

Тимур Турлов — Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі негізгі акционері.

Forbes Kazakhstan мәліметінше, 2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша оның дәулеті 5,2 миллиард долларға бағаланған.

Қаржы саласындағы бизнестен бөлек, Турловтың Қазақстандағы бірқатар медиажобаға да қатысы бар. Turlov Private Holding арқылы оған «Капитал» баспа үйі, «Радио Дача», Love Radio, «Той Думан» телерадиокомпаниясы және басқа да медиаактивтер тиесілі.