Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды

Ulysmedia

Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды ulysmedia.kz.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген жарлық мәтінінде.

Айдос Мырзахметов туралы не белігілі?

Айдос Мырзахметов - генерал-майор. Ол 2002 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери академиясын тәмамдаған. Әскери қызметін взвод командирінен бастап, Мемлекеттік күзет қызметі департаментінің бастығына дейінгі жолдан өткен.

2024 жылғы қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Айдос Мырзахметовті Қазақстан Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы етіп тағайындады.

2026 жылғы мамырда оған генерал-майор жоғары әскери атағы берілді. Сондай-ақ, Айдос Мырзахметов II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Қосанов қызметінен босатылды

27 қыркүйекте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатты.

Бұл шешім Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиғадан бірнеше күн өткен соң қабылданды.

24 қыркүйекте ауа райы күрт бұзылып, қатты жел мен толқын салдарынан 17 әскери қызметші суға кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.

Оқиғадан кейін басшылық қызмет атқарған бес әскери қызметші ұсталды. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар.

Қазір тергеу оқу-жаттығудың неліктен дер кезінде тоқтатылмағанын және ауа райы нашарлаған кезде оны жалғастыру туралы шешімнің қалай қабылданғанын анықтап жатыр.