27 қыркүйекте Президент Қазақстанның жаңа қорғаныс министрін тағайындады. Бұл қызметке Айдос Мырзахметов келді. Кейінгі екі жарым жылда ол Арнайы операциялар күштерін басқарған, оған дейін Мемлекеттік күзет қызметінде еңбек еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еңбек жолы
Айдос Мырзахметов 2002 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери академиясын тәмамдаған.
Қызмет жолын взвод командирі болып бастап, кейін күштік құрылымдарда түрлі лауазым атқарды. Бір кезеңде Мемлекеттік күзет қызметінің сегізінші департаментін басқарған.
2024 жылғы қаңтардан бастап Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болды. Бұл қызметке де оны Президент тағайындаған.
Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін құрылған. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдарды реформалау қажетін айтып, армияның жауынгерлік қабілетін арттыруды тапсырған еді.
Биыл мамырда Айдос Мырзахметовке генерал-майор әскери атағы берілді. Оған дейін Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламаларында ол полковник ретінде көрсетіліп келген.
Сондай-ақ, ол II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін қорғаныс министрі ауысты
Кадрлық өзгерістер Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиғадан бірнеше күн өткен соң жасалды.
Еске салайық, бүгін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды.
26 қыркүйекте Президент Қорғаныс министрлігінің жұмысын жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрды. Комиссия әскери бөлімдердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін де зерделейді.
Сонымен қатар, Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы Қорғаныс министрлігіне мемлекеттік аудит жүргізе бастады.