Қазақстанда ҰҚТ мүшелеріне қатысты 45 іс сотқа жетті

Ulysmedia
ІІМ

Жыл басынан бері Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жолданды. Іс фигуранттарына ұрлық, автокөліктерді заңсыз тіркеу, алаяқтық, есірткі сату және бопсалау бойынша айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қарағанды облысы

ІІМ мәліметінше, Қарағанды облысында тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық қауымдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесіне үкім шықты. Оларға 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Өңірдегі тағы бір іс бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы мен төрт мүшесі 10 жылға дейін сотталды. Тергеу дерегінше, олар ірі кәсіпорын аумағынан мүлікті жасырын алаяқтық схемалар арқылы ұрлаған.

Алматы

Алматыда автокөліктерді заңсыз тіркеуге қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесіне үкім шықты.

Тергеу олардың VIN-кодтарды өзгертіп, ақпараттық жүйелерге жалған деректер енгізгенін және көлік сату кезінде алаяқтық схемаларға қатысқанын анықтаған.

Сот оларға сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Астана

Астанада есірткі сатқаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен бес мүшесі сотталды.

Топ жетекшісі 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалғандарына 16 жылға дейін жаза тағайындалды.

Қызылорда

Қызылордада жергілікті қылмыстық ортаның сегіз өкілі жүйелі түрде, оның ішінде кәсіпкерлерден ақша бопсалағаны үшін сотталды.

Тергеу барысында оларға ұйымдасқан қылмыстық топты басқару және оның құрамына қатысу айыптары да тағылған.

Сот үкімімен іс фигуранттарына 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.