1 қазаннан бастап Қазақстанда валюта депозиттерінің бір бөлігі бойынша талаптар өзгереді. Кейбір салымдар үшін шекті мөлшерлеме бірден жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін өседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа мөлшерлеме кімдерге қатысты болады?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, өзгеріс шетел валютасындағы 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын жинақ салымдарына ғана қатысты болады.
Мұндай депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме қазіргі жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін өседі.
Алайда маңызды бір жайт бар: жаңа мөлшерлеме тек 2026 жылғы 1 қазаннан кейін ашылған немесе мерзімі ұзартылған депозиттерге қолданылуы мүмкін.
– Шекті мөлшерлемелер шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін белгілеуге арналған ұсынылатын ең жоғары деңгей екенін атап өтеміз. Бұл ретте банктер өздерінің депозит өнімдері бойынша қандай сыйақы мөлшерлемесін ұсынатынын дербес шешеді, – делінген ҚДКБҚ хабарламасында.
Қалған валюта депозиттері бойынша әзірге ештеңе өзгермейді.
Мерзімді және мерзімсіз салымдар, сондай-ақ, 12 айға дейінгі жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме бұрынғыдай 1% деңгейінде қалады.
Долларлану деңгейі төрт есеге жуық төмендеді
ҚДКҚ бұл шешімді валюта депозиттері нарығын кезең-кезеңімен ырықтандырумен түсіндірді.
Қор дерегінше, валюталық салымдардың үлесі айтарлықтай азайған. Егер 2015 жылы депозит нарығындағы долларлану деңгейі 80%-ға жетсе, 2026 жылғы 1 қыркүйекте бұл көрсеткіш 19,2%-ға дейін төмендеген.
Мемлекеттік кепілдік мөлшері өзгермейді.
Шетел валютасындағы депозиттер, шоттар және карталар бойынша ҚДКБҚ 5 млн теңгеге дейінгі соманы кепілдендіреді.
Теңгедегі жинақ салымдары бойынша кепілдік мөлшері 20 млн теңгеге дейін, ал басқа теңгелік депозиттер, шоттар және карталар бойынша 10 млн теңгеге дейін сақталады.
Қазір депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 20 банк қатысады.