Алматыда тағы да жер сілкінді

gov.kz

28 қыркүйекте Алматы маңында үшінші рет жер сілкінісі тіркелді. Бұл жолы дүмпуді Нарынқол мен Кеген тұрғындары сезген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Жер сілкінісі сағат 13:53-те болған.

Оның ошағы Қазақстан аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқан.

– Есептік қарқындылық: Нарынқол ауылында – 2–3 балл, Кеген ауылында – 2 балл, – деп хабарлады ТЖМ.

Дүмпуден кейін «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналары мен гидротехникалық нысандарды, көшкін және сел қаупі бар учаскелерді, сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын тексерген.

Ешқандай зақым анықталмаған.

Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы да мәлімет жоқ.

Таңертең Алматыда екі рет дүмпу болды

Алғашқы жер сілкінісі таңғы сағат 6:32-де тіркелген.

Кейбір алматылықтар дүмпу мен гуілден оянып кеткенін айтқан. Алайда ТЖМ қалада бұл дүмпу сезілмегенін хабарлаған.

Араға бірнеше сағат салып екінші жер сілкінісі болды. Бұл жолы дүмпу тұрғындарға айқынырақ сезілген.

Алматылықтардың телефондарына ашық жерде қалу жөнінде кеңес берілген ұлттық ескерту хабарламасы келген.

Әлеуметтік желілерде теңселген шамдар мен ғимараттан сыртқа шыққан оқушылардың видеолары тарады.