Алматыда жер сілкінісі неге жиіледі? Сейсмолог түсіндірді

gov.kz

Алматы маңында бір тәулікте үш рет жер сілкінгеннен кейін сейсмолог мұндай белсенділіктің неден болуы мүмкін екенін түсіндірді. Оның айтуынша, ықтимал себептердің бірі таудағы қар мен мұздықтардың еруімен байланысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сейсмолог Мұхтар Хайдаровтың айтуынша, жаз мезгілінде таудағы қар мен мұздықтар едәуір еріген. Соның салдарынан еріген су жер қыртысындағы жарықтар мен тектоникалық жарылымдарға енеді.

– Осы кезде тау жүктемеден жеңілдегендей болады. Салмақ азайып, жиналған кернеу біршама босайды. Соның әсерінен жер сілкінісі болуы мүмкін, – деп түсіндірді Хайдаров КТК телеарнасына берген пікірінде.

Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Қала маңындағы 80 шақырым радиуста жыл сайын 200-ге дейін әлсіз жер сілкінісі тіркеледі.

Бір күнде үш рет жер сілкінді

Бұған дейін, 28 қыркүйекте Алматы маңында үш жер сілкінісі тіркелген еді.

Алғашқысы таңғы сағат 6:32-де болды. Бірнеше сағаттан кейін екінші жер сілкінісі тіркеліп, оны Алматы тұрғындары анық сезді. Қала тұрғындарының телефондарына төтенше жағдай туралы ескерту хабарламалары келді.

Үшінші жер сілкінісі сағат 13:53-те тіркелді. Оның ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқан. Нарынқолда дүмпу күші 2–3 балл, ал Кегенде 2 балға дейін сезілді.

Зардап шеккендер мен қираған нысандар болған жоқ.