Қазақстандық инженер Санжар Тайжан Франция президенті Эммануэль Макронның әкімшілігінен ресми хат алғанын жеткізді. Оның айтуынша, француз тарапы натрий-ионды аккумуляторлар әзірлейтін компаниясының жобасына қызығушылық танытқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Тайжанның айтуынша, әңгіме 2024 жылы Парижде Эммануэль Макронмен кездейсоқ кездесіп қалуынан басталған.
– Франция президенті Эммануэль Макрон әкімшілігінен осындай хат алу біз үшін үлкен мәртебе, – деп жазды ол.
Инженердің сөзінше, Франция президенті TaiSan жобасымен танысып, ол туралы ақпаратты өнеркәсіп министрі Себастьен Мартенге және сыртқы сауда мен инвестициялық тартымдылыққа жауапты министр Николя Форисьеге жолдауды тапсырған.
Осыдан кейін TaiSan өкілдері Парижге шақырылған.
– Осы хаттан кейін бізді компания директорларымен бірге Парижге шақырды. Онда Францияның бірнеше министрлігінің жоғары лауазымды өкілдерімен және олардың аппарат басшыларымен бірқатар кездесу өткіздік, – деді Тайжан.
Хатта не делінген?
Жарияланған құжатта Франция президенті әкімшілігі Макронның Санжар Тайжанның өтінішін алып, оның жобасымен танысқаны расталады.
– Мемлекет басшысы сіздің өтінішіңізбен мұқият танысты және маған сізге алғыс айтып, ұсынған жобаңыз бен нәтижелеріңіз жан-жақты қаралғанын жеткізуді тапсырды, – делінген хатта.
Сондай-ақ, құжатта TaiSan материалдары жобаны әрі қарай дамыту мен бизнеске қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыру үшін тиісті министрлерге жолданғаны айтылған.
Хатта 2024 жылғы 8 наурызда Парижде Макронмен болған кездесу де жеке аталып өткен.
– Француз Республикасының президенті сізбен болған әңгімені жылы ықыласпен еске алады, – делінген құжатта.
TaiSan немен айналысады?
TaiSan – Санжар Тайжан 2021 жылы құрған стартап.
Компания квазиқатты күйдегі натрий-ионды аккумуляторлар әзірлейді. Оларды, соның ішінде, электрмобильдерде пайдалану жоспарланып отыр.
2024 жылғы шілдеде стартап EIT InnoEnergy, TSP Ventures, Heartfelt VC және Exergon қорларынан 1,7 млн еуро инвестиция тартты.
2025 жылғы наурызда Тайжан TaiSan әзірлемесін Алматыдағы көрмеде таныстырған. Жобаны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке де көрсеткен.
Санжар Тайжан туралы не белгілі?
Санжар Тайжан 1997 жылы туған. Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебін тәмамдаған. Инженерлік әзірлемелермен және технологиялық жобалармен айналысады.