АҚШ Орталық Азия елдерінің киберқауіпсіздігі мен цифрлық дамуын қолдауға шетелдік көмек бағдарламасы аясында 5 млн доллар бөледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісінің орынбасары Марк Кэмерон Астанада өткен конференцияда мәлімдеді.
Оның айтуынша, Орталық Азия стратегиялық тұрғыдан маңызды аймақта орналасқан және алдағы уақытта әлемдік деректер мен идеялар алмасатын негізгі тораптардың біріне айналуы мүмкін.
– Елдердің жаңа технологиялардың мүмкіндігін толық пайдаланып, цифрлық байланысын кеңейтуі үшін сенімді ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның маңызы зор. Турасын айтайын: жасанды интеллект – болашақ, – деді Кэмерон.
Ол жасанды интеллект қазір экономика мен мемлекеттік басқаруды, сондай-ақ, адамдардың өмір сүру, еңбек ету және бір-бірімен қарым-қатынас жасау тәсілдерін өзгертіп жатқанын атап өтті.
Дипломаттың сөзінше, C5+1 елдері бұл саладағы ынтымақтастықты дамытуға қолайлы кезеңде әрі қолайлы аймақта тұр.
– Сондықтан АҚШ-тың шетелдік көмек бағдарламасы аясында CRDF Global арқылы Орталық Азиядағы киберқауіпсіздік пен цифрлық даму саласын қолдауға 5 млн доллар бөлдік, – деді ол.
Кэмеронның айтуынша, бұл қаражат кибергигиена деңгейін арттыруға, кибершабуылдар мен басқа да цифрлық қауіп-қатерлерге жедел ден қою жүйесін жетілдіруге, аса маңызды инфрақұрылымды қорғауға, қаржы секторының қауіпсіздігін күшейтуге және киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты дамытуға жұмсалады.