Қазақстан аумағының басым бөлігінде қазанда орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градус жоғары болады. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Батыста жауын-шашын көп болады
Температура Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығысында және Абай облысында ғана қалыпты деңгейде болады деп күтіледі.
Көп өңірде жауын-шашын мөлшері жылдағы қалыпты көрсеткіш шамасында болады.
Ал елдің қиыр батысы мен солтүстік-батысында жауын-шашын нормадан көп түсуі мүмкін. Керісінше, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың жазық бөлігінде, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай облысында жауын-шашын аз болады деп болжанған.
– Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, қарашада да жылы болады. Ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты көрсеткіштен 1–2 градус жоғары болады деп күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады, – деді Қуантыров.
Қуаңшылыққа тоқталған министр оның солтүстік өңірлерден басқа ел аумағының басым бөлігін қамтығанын айтты.
Ең ұзаққа созылған қуаңшылық кезеңдер Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Абай облыстарында және Жетісу облысында тіркелген.
Контекст
2026 жылдың басынан бері «Қазгидромет» жасанды интеллект элементтері енгізілген цифрлық құралдарды пайдаланып келеді.
WRF моделі ауа райын 48 сағаттан 10 тәулікке дейінгі мерзімге болжайды.