Болат Өтемұратов Қоры GAAC-пен бірлесіп Орталық Азиямен Оңтүстік Кавказда аутизм саласындағы өңірлік хаб құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Болат Өтемұратов Қоры Аутизмі бар адамдардың мүдделерін қорғау жөніндегі жаһандық коалицияның (GAAC) өңірлік серіктесіне айналып, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріне арналған хаб құрады.
Жаңа алаң аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар адамдарды жүйелі қолдауды дамыту үшін халықаралық және өңірлік ұйымдардың сараптамасын біріктіреді.
Хабтың негізгі міндеті – өңір елдерінің ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық тәжірибені бейімдеп, енгізу. Ол мамандарды, бейінді ұйымдарды және мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін біріктіріп, тәжірибе және сараптамалық білім алмасуға жағдай жасайды.
Сондай-ақ аутизм саласындағы ғылыми негізделген тәсілдерге, зерттеулер мен деректерге қолжетімділікті кеңейтуге ықпал етеді.
GAAC 2025 жылы Нью-Йоркте БҰҰ аясында Qatar Foundation, Autism Speaks, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және ЮНИСЕФ-тің қатысуымен құрылды.
Болат Өтемұратов Қоры Коалицияның құрылтайшы мүшелерінің қатарына еніп, оның іске қосылуына қатысты. Өңірлік хабтың құрылуы Қор мен GAAC ынтымақтастығының келесі кезеңі болып, Коалиция бастамаларын Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінде тікелей дамытуға мүмкіндік береді.
«Бүкіл әлемде аутизмі бар адамдар мен олардың отбасыларының өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін білім мен тәжірибе жинақталып, түрлі тәсілдер әзірленуде. Алайда мұндай мүмкіндіктерге қолжетімділік әлі де біркелкі емес. Көптеген елдерде тиімді зерттеулер, ресурстар мен модельдер бар. Негізгі міндет – осы шешімдерді кеңінен таратуға, жергілікті жағдайларға бейімдеуге және басқа елдерде табысты енгізуге көмектесу», – деп атап өтті Autism Speaks ұйымының президенті және бас атқарушы директоры Кит Уорго (Keith Wargo).
«GAAC-тың құндылығы – Коалицияның жинақталған білімді үйлестірілген іс-қимылға айналдыруында. Әртүрлі елдер мен секторлардың серіктестерін біріктіре отырып, біз ұлттық және жергілікті жүйелерді нығайтып, әлемнің бір бөлігінде қол жеткізілген ілгерілеудің одан шалғай өңірлердегі адамдардың өмірін жақсартуына ықпал ете аламыз».
Qatar Foundation өкілдері де халықаралық ынтымақтастық аутизм саласындағы жетістіктерді елдер арасында және әртүрлі қолдау жүйелеріне таратуға мүмкіндік беретінін атап өтеді.
«GAAC аутизмі бар адамдар мен олардың отбасылары кездесетін сын-қатерлер бүкіл әлемге ортақ және бірлескен шешімдерді қажет етеді деген түсінік негізінде құрылды. Біздің мақсатымыз – бір елде диагностика, саясат, интервенциялар және емдеу саласында қол жеткізілген ілгерілеу бүкіл әлемдегі аутизмі бар адамдар мен олардың отбасыларына пайда әкелуі», – дейді Qatar Foundation Төрағасы кеңсесінің зерттеулер, әзірлемелер және инновациялар жөніндегі кеңесшісі әрі зерттеулер, әзірлемелер және инновациялар жөніндегі атқарушы директоры доктор Хилал Лашуэль (Dr. Hilal Lashuel).
Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріне арналған GAAC-тың өңірлік моделін Болат Өтемұратов Қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Алмаз Шарман 2026 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында таныстырды.
«Аутизмі бар адамдарды қолдау жүйелерін орнықты дамыту үшін тек тиімділігі дәлелденген шешімдердің болуы жеткіліксіз. Оларды ұлттық және өңірлік контексті ескере отырып бейімдеу және енгізу үшін тиісті жағдай жасау маңызды. Халықаралық ынтымақтастық сараптаманы біріктіруге, практикалық тәсілдермен алмасуға және тиімділігі дәлелденген шешімдерді кеңінен енгізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Алмаз Шарман.
Өңірлік жұмыстың негізі Болат Өтемұратов Қорының «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын іске асырудағы көпжылдық тәжірибесі болмақ.
Бағдарлама аясында еліміздің 12 қаласында 13 «Асыл Мирас» Аутизм Орталығы жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін орталықтарда аутизмі бар 17,5 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілді.
Бағдарлама диагностика мен ерте араласуды дамыту, мамандар даярлау және қолдаудың жаңа модельдерін енгізу бағыттарын қамтиды.
2026 жылы Қор бұл бағытты шведтік RAOUL қорымен серіктестікте іске асырылатын аутизмі бар ересек адамдарды сүйемелдеу арқылы жұмысқа орналастыру (Supported Employment) жобасымен кеңейтті.
«Соңғы жылдары Қазақстанда аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларын қолдау саласында елеулі практикалық тәжірибе жинақталды. Бұл үдеріске «Асыл Мирас» Аутизм Орталықтарының мамандары да елеулі үлес қосты. Біз үшін Қазақстанда жинақталған білім мен тәжірибенің халықаралық диалогтың бір бөлігіне айналуы, ал әлемдік тиімді тәжірибелер мен GAAC тәсілдерінің Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінде қолданылуы маңызды», – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының Бас директоры Айнұр Қарбозова.
Өңірлік хаб GAAC-тың жаһандық бастамалар жүйесінің бір бөлігіне айналады.
Бұл жүйе:
Қор туралы не белгілі?
Болат Өтемұратов Қоры 2014 жылы белгілі қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Болат Өтемұратовтың бастамасымен құрылды.
Қор Қазақстандағы филантропияның ең жүйелі үлгілерінің бірін қалыптастырып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология, инклюзия, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету және заманауи әлеуметтік инфрақұрылым құру бағыттарындағы жобаларға 250 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салды.
Қор қызметінің негізгі мақсаты – ұзақ мерзімді нәтиже беретін және Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін орнықты шешімдерді енгізу.