Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) ауқымды түрде салу Орталық Азияның энергетикалық жүйесі мен экологиясына қалай әсер етуі мүмкін деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Бұл сауалды журналистер Астанада өткен конференцияда қойды. Олар деректерді өңдеу орталықтарының жабдықтар мен салқындату жүйелерін іске қосу үшін көп мөлшерде электр энергиясын қажет ететінін, ал кейбір өңірлерде электр тапшылығы бар екенін атап өтті.
Бақтияр Мұхаметқалиев бұл жоба Орталық Азияның энергетикалық жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндірмейтінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан жобаны жүзеге асырумен қатар оған қажет энергетикалық инфрақұрылымды да қатар дамытып жатыр.
– Кейбір өңірлерде электр энергиясы тапшы екені түсінікті. Бірақ мен Қазақстан жайлы айтайын. Президент бізде «ДӨО алқабы» атты ауқымды жобаны іске қосты. Қазір бүкіл энергетикалық инфрақұрылым кешенді түрде дамытылып жатыр. Келесі жылы электр энергиясының артығы пайда болады деп отырмыз, – деді ол.
Оның айтуынша, «ДӨО алқабы» жобасының қуатын 1 ГВт-қа дейін жеткізуге болады.
Қазір 250 МВт қуатқа қатысты келісім бар.
Мұхаметқалиевтің сөзінше, алдағы уақытта дата-орталықтарды дамыту Қазақстанда жаңа экономиканы қалыптастырып, инвестиция тартудың бір бөлігіне айналуға тиіс.
Экология
Дата-орталықтардың қоршаған ортаға әсеріне қатысты сұраққа жауап берген шенеунік Қазақстанда заманауи салқындату жүйелері мен экологиялық шешімдер қолданылатынын айтты.
– Экология мәселесіне келсек, қазір салқындатудың арнайы заманауи технологиялары бар. Бұл бағытта ешқандай мәселе туындамайды, – деді Мұхаметқалиев.
Вице-министрдің пікірінше, ДӨО салу бүкіл өңірге экономикалық пайда әкеледі. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімі артады және заманауи технологияларға қолжетімділік кеңейеді.
Контекст
Деректерді өңдеу орталықтары – қуатты компьютерлер орналасқан, аса үлкен көлемдегі ақпаратты сақтап, өңдейтін және жасанды интеллект жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін арнайы ірі кешендер.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – жасанды интеллектке арналған үлкен «серверлік орталықтар». Нейрожелілер осы жердегі компьютерлерде оқытылып, жұмыс істейді.
Қазақстан ДӨО құрылысын Екібастұз қаласында бастады. Ulysmedia редакциясы бұған дейін бұл жобаның не үшін қажет екенін және оны жүзеге асыру барысында қандай тәуекелдер болуы мүмкін екенін талдаған.