Щучинск қаласындағы үйде болған өрт әдейі қойылған болуы мүмкін. Оқиға салдарынан ер адам мен әйел қаза тапқан. Полиция 39 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Полицияның алдын ала мәліметінше, күдікті тұрғын үйді әдейі өртеген.
Өрт кезінде сол үйде тұрған ерлі-зайыпты қаза тапты.
– Щучинск қаласындағы өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады Ақмола облысының Полиция департаменті.
Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Басқа деректер, оның ішінде өрт қоюға не түрткі болғаны әзірге айтылған жоқ.
Өрт туралы не белгілі?
Бұған дейін Ulysmedia.kz Ақмола облысының Щучинск қаласындағы жеке үйде өрт шыққанын жазған еді.
От 90 шаршы метр аумақты шарпыған.
Өрт сөндірілгеннен кейін құтқарушылар үй ішінен 1968 жылы туған ер адам мен әйелдің мәйітін тапқан.
Өртті сөндіруге 16 құтқарушы мен төрт техника жұмылдырылды.