Офшор, қорлар мен шетелдегі мүлік: Назарбаевтың тоқалына не тиесілі?

Ulysmedia.kz коллажы

National Business Kazakhstan журналистері Әсел Исабаеваның бүгінде қандай активтерге иелік ететінін және нені басқаратынын зерттеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер ашық дереккөздер мен тараған мәліметтерді саралап, әр жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тоқалы Әсел Исабаевамен байланыстырылған активтерді анықтаған.

Олардың қатарында Қазақстандағы бірнеше қор мен жеке кәсіпкерлік, шетелдегі жылжымайтын мүлік және 2010 жылдан бастау алатын офшорлық мәмілелер бар.

30 млн доллар қайдан шыққан?

Бұл мәміле туралы 2021 жылы Pandora Papers материалдары жарияланғаннан кейін белгілі болды.

OCCRP зерттеуіне сәйкес, Әсел Исабаева Ұлыбританиялық Виргин аралдарында тіркелген компаниядағы үлесі үшін 30 млн доллар алған.

Алайда мәміле қарапайым үлес сатудан әлдеқайда күрделі болған.

Ақша төленер алдында алты офшорлық компания қатысқан акциялармен бірнеше операция жасалған.

Сонымен қатар, Исабаева үлесін сатқан компанияның нақты қандай қызмет атқарғаны жөнінде ашық дерек болмаған. Ол 30 млн долларды 2010 жылы, кәсіпкер Владимир Ни қайтыс болғаннан кейін екі ай өткен соң алған. Төлемді Ни қайтыс болғаннан кейін оның қызы басқарған компания жүргізген. Ал мәмілеге куә ретінде кәсіпкер Владимир Ким қатысқан.

Қазақстандағы активтері

National Business Kazakhstan Исабаеваның Қазақстандағы активтерін де зерттеген. Басылым мәліметінше, ол төрт жеке қордың және Ballet School жеке кәсіпкерлігінің құрылтайшысы ретінде көрсетілген. Олардың қатарында Көркем гимнастиканы қолдау және дамыту қоры, Astana Art fund, «Тұмар healt» және жас таланттарды қолдауға арналған «Өрлеу» қоры бар.

Бұл ұйымдардың кейбірі қазір жұмыс істемейді. Салық төлемдері бойынша ең белсендісі Astana Art fund болған. Жеті жыл ішінде қор шамамен 100 млн теңге салық төлеген. Ballet School жеке кәсіпкерлігіне он жылдан асқан.

Алайда оның ресми тіркелген қызмет бағыты балетке емес, өзіне тиесілі немесе жалға алынған тұрғын үйді жалға беру мен басқаруға байланысты.

Исабаеваның 2012 жылы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Astana Ballet театрымен де байланысы бар.

Бұған дейін ол театрда басшылық қызмет атқарған. Қазір театрдың топ-менеджерлері қатарында болмағанымен, сол жерде жұмысын жалғастырып келеді.

Шетелдегі жылжымайтын мүлік

Исабаеваның Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктерінде де жылжымайтын мүлкі бар екені көрсетілген. Тараған деректерге сәйкес, 2017 жылы Мәскеудегі Рублево тасжолының маңынан оның атына аумағы шамамен 300 шаршы метр болатын пәтер сатып алынған.

Пәтерге қоса екі автотұрақ орны да рәсімделген. Қазір осы үйдегі көлемі шамалас пәтерлер жүздеген миллион рубльге сатылып жатыр.

Тағы бір мүлік Дубайдан анықталған. Исабаеваның атына Пальма-Джумейрадағы Aquamarine Residence кешенінен аумағы шамамен 210 шаршы метр болатын үш бөлмелі апартамент рәсімделген.

National Business Kazakhstan оның нарықтық құнын шамамен 2 млн долларға бағалайды.

Исабаеваның қорлары немен айналысатыны және журналистер оның активтері туралы тағы қандай дерек тапқаны жөнінде толығырақ National Business Kazakhstan материалынан оқуға болады.