Алматыдағы LRT құрылысы қалай жүріп жатыр?

Алматы әкімдігі

Алматыда жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысы рельс төсеу кезеңіне жетті. Қазір жұмыстар Бауыржан Момышұлы көшесінде жүріп жатыр. Мұнда темірбетон шпалдар орнатылып, рельстер төселіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Момышұлы көшесінде рельс төселіп жатыр

Қазір бұл учаскеде шамамен 1 600 темірбетон шпал мен 600 метр рельс төселген.

Сонымен қатар, болашақ LRT желісінің бойындағы инженерлік желілерді көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бұған дейінгі мәліметінше, құрылысқа қазір 80-ге жуық жұмысшы мен 50-ден астам техника жұмылдырылған.

– Төле би көшесіндегі жұмыстарды қарашаның аяғына дейін, ал жобаны толықтай келесі жылдың желтоқсанында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы Олжас Шабданов.

Айта кетейік, Төле би көшесіндегі жабық учаскелер мәселесі мәслихат сессиясында да көтерілген.

Тұрғындар кей бөліктерде көлік қозғалысы шектелгенімен, жұмысшылар мен техника көрінбейтінін айтқан. Басқарма мұны инженерлік желілерді көшіру жұмыстарымен түсіндірді.

Кейінгі мәлімет бойынша, жоба аясында инженерлік желілердің 282 өткелін қайта салу көзделген. Оның 90-ында жұмыс аяқталған.

Бұл кезеңді де, Төле би көшесіндегі негізгі жұмыстарды да қарашаның аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр.

LRT қай бағытпен жүреді?

Желінің бірінші кезеңінің ұзындығы 18,3 шақырым болады.

Бағыт Алатау ауданындағы болашақ деподан басталып, Момышұлы және Төле би көшелерімен, одан әрі Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады.

Соңғы аялдама «Райымбек батыр» көлік-алмасу торабы болады.

Кейін желіні екі бағытта да ұзарту жоспарланған: батыста – ірі көлік-алмасу торабы салынатын «Барлық» базарына дейін, шығыста – жаңа стадионға дейін.

Әкімдік бұған дейін LRT желісі толығымен жерүсті форматында салынатынын хабарлаған.

Пойыздар жалпы көлік ағынынан бөлінген ортаңғы екі жолақпен жүреді.

Алғашқы желіні 2027 жылдың аяғына іске қосу жоспарланып отыр. Алайда нақты мерзім пойыздарды дайындау мен жеткізу уақытына байланысты өзгеруі мүмкін.