Шакира Орталық Азиядағы алғашқы концертін Бішкекте өткізеді

Ulysmedia коллажы

Шакира алғаш рет Орталық Азияға концерттік бағдарламамен келеді. Әншінің концерті 2026 жылғы 18 қазанда Бішкектегі Bishkek Arena стадионында өтеді. Бұл туралы Қырғызстан президентінің іс басқарушысы Қаныбек Туманбаев мәлімдеді. Концерттің күні әншінің ресми сайтында да жарияланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Концерт Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік туры аясында өтеді. Бағдарламада Шакираның әр жылдардағы Hips Don’t Lie, Whenever, Wherever, Waka Waka және She Wolf сияқты танымал хиттері, сондай-ақ соңғы Las Mujeres Ya No Lloran альбомындағы әндер орындалады.

Шоу ауқымды форматта ұйымдастырылмақ. Бағдарламада күрделі сахналық қойылым, хореография және түрлі визуалды эффектілер қарастырылған.

Билеттер 137 доллардан басталады

Билеттер сатылымы 1 қазанда Бішкек уақытымен сағат 09:00-де басталады.

Ең арзан орындар шамамен 60 240 теңге болады. Отыратын орындар 67 770-ден 200 800 теңгеге дейін сатылмақ.

Тұрып тамашалайтын партердегі билет шамамен 135 540 теңге, Skybox — бір адамға 150 600 теңге, ал фан-аймаққа билет 200 800 теңге тұрады.

Бұған дейін концерт тек талқыланған еді

Қыркүйек айының басында Қырғызстан билігі Шакираның командасымен келіссөздер жүріп жатқанын хабарлаған. Алайда ол кезде концерттің нақты күні әлі бекітілмеген еді.

Бұған дейін Шакираның Алматыда концерт беруі де талқыланған. Алматы әкімдігі әншінің есімі қалаға шақырғысы келген әлемдік жұлдыздардың қатарында болғанын растаған. Алайда сол кезде әкімдік нақты келісім, концерт күні мен өтетін орны әлі анықталмағанын атап өткен.