Қазақстан Азия ойындарындағы боксшылардың екі жеңілісіне қатысты шағым түсірді

ашық дереккөз

Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындарындағы екі бокс жекпе-жегінің төрешілік шешіміне наразылық білдірді. Федерация Махмұд Сабырхан мен Наталья Богданова жеңілгеннен кейін World Boxing ұйымына шағым жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қазақстандық қос боксшы да жартылай финалда бірдей 2:3 есебімен жеңіліп, қола жүлдеге ие болды.

Екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақта 2020 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, филиппиндік Карло Пааламмен кездесті. Үш раундтың барлығы тартысты өтті, алайда төрешілер жеңісті Пааламға берді.

Ал әлем чемпионы Наталья Богданова 75 келіге дейінгі салмақта үндістандық Ловлина Боргохайнмен жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек те үш раундқа созылып, төрешілердің бөлінген шешімімен Үндістан спортшысы жеңімпаз атанды.

Федерация наразылықтың нақты себептерін ашып айтпады. Тек World Boxing ұйымына протест жолданғанын хабарлады.

Алтын үшін тағы кімдер күреседі?

Шағым берілген сәтте Азия ойындарындағы бокс турнирінің финалына Қазақстанның екі спортшысы шыққан.

Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта алтын жүлде үшін таласады.

Ал құрама капитаны Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта финалда өнер көрсетеді.

Жалпы жартылай финалға Қазақстан құрамасының 11 боксшысының бесеуі жолдама алған. Оның үшеуі – Махмұд Сабырхан, Наталья Богданова және Алуа Балкибекова (51 кг) – қола жүлдеге ие болды.

Контекст

Бұған дейін Қазақстан ҰОК-і жеңіл атлет Ясмина Токсанбаеваның жарыстан шеттетілуіне байланысты апелляция мәселесін қарастырып жатқаны хабарланған.

Қазақстандық спортшы спорттық жүрістен марафонда бірінші болып келгенімен, World Athletics бекіткен тізімге кірмейтін аяқ киім кигені үшін оның нәтижесі жойылған. Ал алтын жүлде Қытай спортшысына берілді.