Каспийдегі әскери трагедия туралы жазғандарға полиция қоңырау шалмады – ІІМ

Ulysmedia коллажы

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Каспий теңізінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына қатысты Threads желісіндегі сыни жазбалардың авторларына полиция қызметкерлері хабарласты деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Бұл туралы Санжар Әділов брифинг барысында Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына берген жауабында айтты. Тілші қайғылы оқиға туралы жазбалар жариялағаннан кейін кейбір қолданушылар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған адамдардың қоңырау шалғанын айтқанын жеткізді.

— Сіз айтып отырған ақпаратты растамаймын. Полиция қызметкерлері ешкімге қоңырау шалмаған. Сонымен қатар ішкі істер органдары күшейтілген режимде қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етті. Қазіргі таңда жалпы ел бойынша криминогендік жағдай тұрақты, — деді вице-министр.

Контекст

Еске салайық, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жаттығу жауынгерлік тапсырмасын орындау кезінде болған. Жел күшейіп, әскери қызметшілер теңізге батып кеткен.

Бастапқыда Қорғаныс министрлігі теңізге 19 адам кеткенін хабарлаған. Кейін билік олардың саны 17 болғанын нақтылады. Оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.

Маңғыстау облысының тұрғындары ауа райының қолайсыз болатыны алдын ала белгілі болғанын мәлімдеді.

Қайғылы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі — ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау фактісі бойынша, екіншісі — кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактісі бойынша тергеліп жатыр.

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.