Түркістан облысы Қазығұрт ауданында нөсер жаңбырдан кейін бірнеше елді мекенді сел басты. Табиғи апаттан әсіресе Қосақаш ауылы айтарлықтай зардап шекті. Су көшелермен ағып, тұрғын үйлердің ауласына кірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қосақаш тұрғындары әлеуметтік желіде ауыл ішін лайлы су басқан сәт түсірілген видеоларды жариялады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, 1 қазанда толассыз жауған жаңбырдан кейін сел жүрген. Соның салдарынан ауданның бірнеше елді мекенін су басқан.
Әкімдік өкілдері судың тұрғын үйлердің ауласына кіргенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен қираған үйлер жоқ.
– Тұрғындарға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен қираған тұрғын үйлер жоқ, – деп хабарлады әкімдік.
Салдарын жою жұмыстарына 64 адам мен тоғыз арнайы техника жұмылдырылды. Қазір мамандар аумақтарды тазалап, сел салдарын жойып, жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ аудан тұрғындарына су қайта жүруі мүмкін қауіпті аймақтарға жақындамау ескертілді.
Өңірде бұған дейін де су тасқыны болған
Түркістан облысында осыған ұқсас жағдай мамыр айының соңында болған. Ол кезде нөсер жаңбырдан кейін таудан аққан су аз уақыт ішінде Жеңішке және Сарапхана ауылдарын басып қалған.
Су тұрғындардың аулаларына, үйлері мен шаруашылық құрылыстарына кіріп, жергілікті тұрғындар табиғи апаттың салдарын өз күшімен жоюға мәжбүр болған.