Шакираның Қырғызстандағы концертіне әр бесінші билетті қазақстандықтар алған

Ulysmedia коллажы

Шакираның Қырғызстандағы концертіне қазақстандықтар билетті көбірек алып жатыр. Сатылымның алғашқы күнінде ел тұрғындары барлық сатылған билеттің 18,15%-ын сатып алған, яғни әр бесінші билетке жуығы қазақстандықтарға тиесілі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шетелдіктер арасында Қазақстан көш бастап тұр

Бір тәулікте 13 мыңнан астам билет сатылған. Бұл – билеттердің жалпы санының шамамен 30%-ы.

Сатылымның басым бөлігі Қырғызстан тұрғындарына тиесілі – 77,32%. Ал шетелдік сатып алушылардың үлесі 22,68% болды.

Шетелдік сатып алушылар арасында Қазақстан айқын басымдықпен көш бастады – олардың 80,01%-ы қазақстандықтар. Ресейлік сатып алушылардың үлесі – 13,08%, Өзбекстаннан – 3,8%, ал қалған 18 елдің көрсеткіші 3,1% болды.

Ал сатылымның алғашқы күнінде өткізілген барлық билеттің 18,15%-ын қазақстандықтар сатып алған, яғни әр бесінші билетке жуық билетті Қазақстан тұрғындары алған.

Билеттерді АҚШ, БАӘ, Тәжікстан, Түркия, Германия, Қытай, Ұлыбритания және басқа да елдердің тұрғындары сатып алған.

Шакира Орталық Азияда алғаш рет өнер көрсетеді

Концерт 18 қазанда «Бішкек Арена» стадионында өтеді. Бұл – Шакираның Орталық Азиядағы алғашқы концерті.

Әнші Қырғызстанға Las Mujeres Ya No Lloran туры аясындағы шоуымен келеді. Бағдарламада жаңа альбомындағы әндермен қатар, әр жылдары жарық көрген Hips Don’t Lie, Whenever, Wherever, Waka Waka және She Wolf сияқты танымал хиттері де орындалады.

Ұйымдастырушылар концерт Қырғызстанға туристер ағынын арттырып, қонақүйлер, мейрамханалар, такси, экскурсиялар және басқа да қызметтерге сұранысты көбейтеді деп күтеді.