Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған үш әскери қызметшінің бірі Ақжол Темірхан Қазақстан Әскери-теңіз күштеріндегі мерзімді әскери қызметін аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ол 29011 әскери бөлімінде матрос-атқыш болып қызмет еткен.
Блогер Азамат Сәрсенбаевтың мәліметінше, Темірхан – осы оқиғадан аман қалған Маңғыстау облысынан әскерге шақырылған жалғыз сарбаз.
– Ақжол – Маңғыстау облысынан әскерге шақырылғандардың арасындағы аман қалған жалғыз сарбаз. Ол қаза болған қаруластарының естелігін де, сол ауыр жүктің бір бөлігін де арқалап келеді, – деп жазды Сәрсенбаев.
Жақын уақытта Ақжол ата-анасымен бірге қаза болған әскерилердің отбасыларына барып, көңіл айтуды жоспарлап отыр.
Оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, қатты жел салдарынан 17 әскери қызметші суға кеткен еді.
Олардың үшеуі құтқарылып, 14 адам қаза тапты.
Оқиғадан кейін екі қылмыстық іс қозғалды. Бірі – ауыр зардапқа әкелген қызметке салғырт қарау, екіншісі – кеме жүргізу ережелерін бұзу дерегі бойынша.
Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды қызметкері ұсталды.
Кейін Президент Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.
27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен кетті. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.
Еске салайық, бүгін Тоқаев тағы үш жоғары лауазымды әскери қызметкерді қызметінен босатты.