Астанада тегін тамақ таратылып жатқанда дүрбелең туды

Видео кадры

Астанада қазақтың ұлттық тағамдарынан тегін дәм татуға арналған іс-шараның аяғында дүрбелең туды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оқиға сәтінен түсірілген кадрларды дастарханды ұйымдастырған «Жаным» кейтеринг компаниясы жариялады. Компания өкілдері мұншалық көп адам келеді деп күтпегенін айтты.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, іс-шара бастапқыда арнайы шақырылған 50 адамға есептелген. Сол қонақтарға арнап алдын ала ас, ыдыс-аяқ және қызмет көрсету жағы дайындалған.

Қонақтардан үстелге кезекпен келу сұралған, өйткені тағам бәріне жететіндей мөлшерде әзірленген.

Алайда іс-шара ашық алаңда өткендіктен, маңайда басқа адамдар да болған. Бір сәтте дастарханға көпшілік бірден лап берген.

Тағам санаулы минуттың ішінде таусылып қалған.

Арнайы шақырылған қонақтар тағамсыз қалды

Компания өкілдерінің айтуынша, болған дүрбелең салдарынан үстелге тіпті арнайы шақырылған қонақтардың өзі, оның ішінде шетелдіктер де, жақындай алмаған.

Ұйымдастырушылар адамдар көп жиналған кезде үстелдердің аударылып, ыдыс-аяқтың сынғанын және мүліктің бүлінгенін де айтты.

– Бізге бұл жағдай өте ауыр тиді. Өйткені бәрін әдемі әрі ретімен ұйымдастыруға барынша тырыстық, – деді компания өкілдері.

Көктемде осындай жаппай акция Өскеменде де дүрбелеңмен аяқталған.

11 сәуірде аяқ киім дүкенінің ашылуына тегін палау мен жеңілдіктер туралы жарнамадан кейін өте көп адам жиналған.

Жиналғандардың саны соншалық, жағдайды бақылауда ұстау мүмкін болмай қалған.

Оқиғадан кейін кәсіпкерге айыппұл салынған.