Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған тағы бір сарбаз әскери қызметін аяқтап, үйіне оралды

«Ақ Жайық»

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған атыраулық әскери қызметші Бекет Қуандық мерзімді әскери қызметін аяқтап, үйіне оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол Ақтаудағы №29011 әскери бөлімде қызмет еткен. Қайғылы оқиғадан кейін де бөлімде қалып, әскери борышын толық өтеген.

Бекет жағаға өзі шыққан

Бұған дейін сарбаздың анасы төтенше жағдайдан кейін ұлының ауруханаға жатқызылмағанын, жағаға өз күшімен шыққанын айтқан.

Отбасы үшін сол сәтте ең маңыздысы – Бекеттің аман қалғанын және ауыр жарақат алмағанын білу болған.

Анасының сөзінше, әскерилердің қазасына куә болған сарбаздар бұл оқиғаны ұзақ уақыт ұмыта алмайды.

Бекет Қуандық ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Туған-туыстары мен достары қарсы алды

Әскери қызметін аяқтаған Бекет Атырауға ұшып келді. «Ақ Жайық» мәліметінше, әуежайдан оны ата-анасы, туған-туыстары мен достары күтіп алды.

Бірнеше ай бойы алаңдап күткен отбасы үшін бұл кездесу ерекше әсерлі болды.

Бұған дейін Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде аман қалған үш әскери қызметшінің тағы бірі – Ақжол Темірханның да мерзімді әскери қызметін аяқтағаны белгілі болған.

Қайғылы оқиғада 14 әскери қаза тапты

24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, қатты жел салдарынан 17 әскери қызметші суға кеткен еді.

Олардың үшеуі құтқарылып, 14 адам қаза тапты.

Оқиғадан кейін ауыр зардапқа әкеп соққан қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу ережелерін бұзу деректері бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.

Кейін Президент ведомствоға кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.

27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен кетті. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.