30 қыркүйекте капитанға пышақпен шабуыл жасаған Flydubai рейсінің екінші ұшқышы жауап алу кезінде ұшақты Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайының терминалына бағыттауды жоспарлағанын мойындады. Бұл туралы Израильдің 12-арнасының журналисі Амит Сегал мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол мұны қалай істемек болған?
Сегалдың мәліметінше, Оман азаматы Хамам әл-Хаммами ұшақты әдеттегі қонуға бағыттап, соңғы секундтарда терминал ғимаратына бұрмақ болған. Ол сол сәтте ұшақты ұстап қалу мүмкін болмайды деп есептеген.
Сондықтан ол капитанға ұшақ Иордания аумағында, Израильге жақын маңда болған кезде ғана шабуыл жасаған. Ол кезде бортта 174 адам болған.
Жауап алу кезінде әл-Хаммами шабуылды Flydubai компаниясына жұмысқа орналасқанға дейін жоспарлағанын айтқан. Бастапқыда жоспарын шілде айында жүзеге асырмақ болған, алайда соңғы сәтте ойынан бас тартқан. Сол рейсте оның жақын қарым-қатынаста болған экипаж мүшелерінің бірі болған.
Жоспарды кім тоқтатты?
Теракт жоспары Үндістан азаматы, жараланған капитан Смит Маччхардың арқасында жүзеге аспай қалды. Шабуылдан кейін ол кабина еденіне құлағанымен, есікке дейін жетіп, оны аша алған.
– Ұшақтың құлап бара жатқанын түсіндім. Еденде жаттым. Өзіме: "Есік жақын тұр, тек оны аш", – дедім. Мен оны аша алдым, содан кейін адамдар кірді, – деді ұшқыш Абу-Дабидегі ауруханадан Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге бейнебайланыс арқылы.
30 секундқа жетпей ұшақ шамамен 4,3 шақырым биіктік жоғалтқан. Жолаушылар мен экипаж мүшелері шабуыл жасаған адамды тоқтатқаннан кейін, Flydubai-дің қосалқы ұшқыштары ұшақ тізгінін өз қолына алған. Лайнер Сауд Арабиясының Табук қаласына аман-есен қонды. Борттағы 174 адамның барлығы аман қалды.
Контекст
Бұған дейін Қазақстандағы Израиль елшілігі бұл оқиғаны теракт жасауға жасалған болжамды әрекет деп бағалап, оны Израиль мен БАӘ арасындағы Авраам келісімдеріне сызат түсіруге бағытталған әрекетпен байланыстырған.
Капитан Маччхар құтқарылғаннан кейін 17 жылдан бері ұшқыш болып жұмыс істейтінін, оның 11 жылын капитан ретінде өткізгенін айтты. Шабуыл кезінде ол индуистік дұға оқып отырған.
– Мені Құдай құтқарғанын білемін, – деді ол.