Қазақстан Маңғыстау облысындағы Доңға мұнай кен орнына қатысты консорциуммен ұзақ жылдарға созылған дауды реттеді. Энергетика министрлігі мен жоба операторы мемлекет пайдасына өтемақы төлеу жөнінде келісіп, кен орнын 2039 жылға дейін игерудің жаңа жоспарын бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дау неден шықты
Жанжал өнімді бөлу туралы келісімге (ӨБК) қатысты болды. Бұл келісім бойынша мемлекет пен инвестор өндірілген мұнайды өзара бөліседі. Тараптар бірнеше жыл бойы мердігердің тарихи шығындарының қайсысын өтелетін, яғни өндірілген мұнай есебінен өтелуге тиіс шығындар ретінде есептеу керектігі жөнінде ортақ мәмілеге келе алмады. Дау кен орнына әрі қарай инвестиция салу процесін тежеді.
Не келісілді
Реттеу туралы келісімге энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Dunga Operating GmbH компаниясының бас директоры Нұржан Әбдірахманов қол қойды. Құжат енді консорциумның шетелдік серіктестері — Oman Oil Company Limited және PTTEP Corporation өкілдерінің қол қоюына жіберіледі.
Келісім шарттарына сәйкес, консорциум Қазақстанға келісілген көлемде өтемақы төлейді. Оның нақты сомасы жарияланған жоқ.
– Жобаға ұзақ уақыт бойы өтелмейтін шығындарға қатысты жинақталған даулы мәселелер кедергі келтірді. Қол жеткізілген келісімдер ұзаққа созылатын сот процестеріне жүгінбей-ақ мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға мүмкіндік береді және жаңа инвестициялық циклге жол ашады, – деді Ақкенженов.
Енді не болады
Даудың реттелуі кен орнын 2026-2039 жылдарға арналған жаңа жоспар бойынша игеруге мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, 67,4 млн баррель мұнай өндіру және ауқымды инвестиция тарту көзделіп отыр.
Доңға кен орны Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында, Ақтаудан шамамен 50 шақырым жерде орналасқан. Кен орны 1966 жылы ашылған, ал 1990 жылдардан бері өнімді бөлу туралы келісім негізінде игеріліп келеді.