АҚШ президенті Дональд Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық екенін тағы меңзеді. Оның айтуынша, ол сегіз соғысты аяқтап, кепілдегілерді босатып, «миллиондаған адамның өмірін сақтап қалған». Нобель сыйлығының биылғы лауреатының есімі 9 қазанда жарияланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Мен сегіз соғысты аяқтадым. Барлық кепілдегілерді қайтардым. Миллиондаған адамның өмірін сақтап қалдым. Сыйлықты аламын ба, жоқ па – білмеймін, соған қарамастан, көп жұмыс атқардым, – деді Трамп Ақ үйдегі журналистерге.
Трамп жақын арада тағы бір, яғни тоғызыншы қақтығысты реттейтінін де мәлімдеді. Алайда оның нақты қай қақтығыс туралы айтып отырғанын түсіндірмеді. Көпшілік бұл сөзді Украинадағы соғысқа қатысты деп топшылап отыр.
– Мен сегіз соғысты реттедім, тағы біреуі аяқталуға жақын, – деді ол.
АҚШ президенті былтырғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты, Венесуэла оппозициясының көшбасшысы Мария Корина Мачадоның өзіне Нобель медалін жеке табыстағанын да еске салды. Оның айтуынша, Мачадо «тарихта бұл марапатқа президент Трамптан артық ешкім лайық емес» деп мәлімдеген.
Егер Нобель комитеті биыл да оны айналып өтсе, бұл «олар үшін үлкен олқылық» болатынын ескертті Трамп.
Сонымен қатар ол Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмайтынын тағы қайталады.
Нобель бейбітшілік сыйлығын тапсыру рәсімі 10 желтоқсанда Ослода өтеді.
Контекст
Бұған дейін Трамп Украинадағы соғысты аяқтауға қатысты келіссөздер «соңғы кезеңге жақындағанын» мәлімдеген еді.
– Біз Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты әлі аяқтаған жоқпыз. Мен осы мәселемен жұмыс істеп жатырмын. Сырт көзге олай көрінбеуі мүмкін, бірақ іс жүзінде шешімге жақындап қалдық, – деді ол Мэрилендте өткен іс-шарада.